Жаңа коворкинг орталығы: Алматыда Мәжіліс депутаттары жастармен кездесті

03.07.2025 21:16

Кездесу барысында депутаттар студент, кәсіпкер мамандармен жүздесті

Бүгін Мәжіліс депутаттары Алматыдағы жаңғыртылған коворкинг орталығының ашылу салтанатына қатысып, жұмысымен танысып қайтты, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Іс-шараны ұйымдастырушылардың айтуынша, заманауи стандарттарға сай жаңартылған мекеме енді жастардың білімін шыңдауға, тың идеяларды бірлесе талқылауға көмектесетін орынға айналады. Әрі саяси тұрғыда белсенділігін арттыруға әсер етпек екен. Кездесу барысында депутаттар студент, кәсіпкер мамандармен жүздесіп, мемлекеттік бағдарламалар туралы ақпарат берді. Күн тәртібінде экология мен әскери қауіпсіздік мәселелері де қаралды.  

«Мұндай кездесулердің басты мақсаты – ой жинақтап, қорыту, әрі болашақта қабылданатын заңдарға нақты ұсыныстар дайындау. Мысалы, қазіргі талқыланып жатқан мәселе ертең кең көлемдегі талқыға салынады. Біз, сегіз депутат, жергілікті өзін-өзі басқару туралы заң жобасын бастамашыл топ ретінде ұсынған едік», - деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Айдос Сарым.

«Қазіргі таңда орталықтың ішкі кеңістігін жастарға идеологиялық және тәрбиелік тұрғыда әсер ететіндей етіп өзгертіп жатырмыз. Интерьердің маңызы жоғары – ол адамның санасына әсер етеді. Сондықтан дизайнын да жаңартып, мағыналы, бір қарағанда-ақ түсінікті болатындай етіп қайта жасап жатырмыз. Бұл – болашақ ұрпаққа дұрыс бағыт-бағдар берудің бір жолы», - дейді «Жастар рухы» жастар қанатының төрағасы Дидар Ділдәбек.

Оқи отырыңыз: ОПЕК+ талаптары бұзылды: Қазақстанға қандай кесірі тиюі мүмкін