Еліміз квота мәселесі бойынша ОПЕК+ пен келіссөздер жүргізіп жатыр
Елдегі мұнай өндірісі тағы да ОПЕК+ квотасынан асып кетті. Қазақстан қара алтынды бұрғылау қарқынын арттыру арқылы маусым айында өз міндеттемелерін тәулігіне 1,88 млн баррельге асыра орындаған. Бұл мамырдағы көрсеткіштен 7,5 пайызға жоғары, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
ОПЕК+ квотасынан асып келе жатқанымызға бірнеше ай болды. Мұнай экспорттаушы елдер ренішін білдіріп те жатыр. Соның ішінде Сауд Арабиясы бар. «Қазақстан талапты сақтамаса, біз неге мұнайды өндіруді шектейміз» дейтін көрінеді.
Елімізге берілген квота бойынша Қазақстан маусымда тәулігіне 1,5 млн баррель мұнай өндіруі керек еді. Бірақ біз көрсеткішті бір күнде 1,88 млн баррельге жеткізіп тастаппыз. Бұл туралы Reuters агенттігі жазып жатыр. Қара алтынның басым бөлігі Теңіз кен орнында өндірілген.
Қазақстан бүгінде квота мәселесі бойынша ОПЕК+ пен келіссөздер жүргізіп жатыр. Себебі еліміз биылға жоспарланған мұнай өндірісін шектей алмайды. Энергетика вице-министрі Әлібек Жамауовтың мәліметі бойынша, біз биыл 96,2 миллион тонна қара алтын шығаруымыз керек.
«Соңғы жылдарда біз белгіленген межеден қайта-қайта асып жатырмыз. ОПЕК+ елдерінен бірнеше рет уәж естіп отырмыз. Бұл жақсы үдеріс емес. Келісім болғаннан кейін ол нақты жүзеге асуы керек. Халықаралық экономикалық ынтымақтастықта бірегей рөлі бар. Ал бізде мұнайды өндіру көлемін квота деңгейінде ұстап отыру мүмкін емес. Себебі мұнда шетелдік компаниялардың рөлі басым. Қазақстан оларға қайтоа-қайта талап қоя алмайды. Өйткені инвесторлардың да өз айтар уәжі бар», - деді экономист Мақсат Халық.
Бұған дейін Астана белгіленген квотаның сақталмай келуін Теңіз кең орнын кеңейту жұмыстарымен байланыстырған.
Айта кетерлік жайт, 14 сәуірде президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Шеврон» корпорациясы директорлар кеңесінің төрағасы Майкл Уиртті қабылдады. Мемлекет басшысы топ-менеджерді Теңіз кен орнын кеңейту жұмысының сәтті аяқталғанымен құттықтаған еді.
Бүгінде Теңіз кен орындарының қоры 3,1 млрд тонна, бұл шашамен 25 млрд баррель. Оның 50 пайызы америкалық «Шеврон» компаниясына, Exxon Mobil-ге 25%, ал «ҚазМұнайГазға» 20%, ресейлік «Лукойлға» 5 пайызы тиесілі.
Асыл Махметов, «Алматы» телеарнасы
Оқи отырыңыз: Англияға барып, мол табысқа кенелмек болған 350 адам сан соғып қалды