Жанұя: Алматыда балалар үйі қайта жаңартылады

Құрылыс жұмыстары келер жылдың тамызда аяқталады деп жоспарланып отыр

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыдағы «Жанұя» кешені жаңартылады. 50 жылдан астам күрделі жөндеу көрмеген Балалар үйінің ескі ғимараты сүріліп, орнына жаңа нысанның құрылысы басталды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

1967 жылы жұмысын бастаған «Жанұя» мамандандырылған кешені құрылғалы күрделі жөндеу жүргізілмеген. Биыл нысанға тексеріс жүргізген арнайы комиссия ғимаратты апатты деп таныды. Мердігер мекемені анықтап, қайта жаңғыртуды тамызда бастап кеткен. Балалар үйінде тәрбиеленетін бүлдіршіндер мен жеткіншектер уақытша басқа мекемелерге орналастырылды.

"№ 1 интернатқа 80-ге жуық бала, қалғандары басқа жатып оқитын мектептерге орналастырылды. Келесі оқу жылында олар су жаңа заманауи ғимаратта білім алатын болады. Ел арасында "бұл жерде тұрғын үй кешені бой көтереді" деген қаңқу сөз тараған. Менің айтарым, бұл аумақтың әрбір шаршы метрі бақылауда болады" – деді "Жанұя" мамандандырылған кешені қамқоршылық кеңесінің төрағасы Рафаэль Гасанов.

Ал қала әкімдігінің өкілдері кешен бюджеттен тыс қаражат есебінен салынатынын мәлімдеді. Нысанның құрылысын мердігер мекеме әлеуметтік жауапкершілік аясында мойнына алған.

"Нысан әлемдік стандарттарға сай болады. Біз балалар үшін барлық қажетті жағдайды жасаймыз. Құрылыс бюджеттен тыс қаржыландырылады, яғни құрылыс салушының қаражаты есебінен салынады. Жоба құны шамамен 5 миллиард теңгені құрап отыр", – деді Алматы қаласы әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова.

Бұл заманауи әрі қауіпсіз кеңістікте балалар жан-жақты қолдау тауып, дамуға мүмкіндік алады.

Құрылыс аяқталғаннан кейін 85 балаға шақталған кешен жатақханасы 200 баланы қабылдауға қауқарлы болмақ. Қазір апатты деп танылған ескі нысан сүрілді. Құрылыс жұмыстары келер жылдың тамызда аяқталады деп жоспарланып отыр.

Аяулым Көлжігіт, Еркебұлан Серікұлы, Ғани Қалуов

Оқи отырыңыз: 2025 – жұмысшы мамандықтар жылы: Үкімет дайындыққа кірісті

Новости партнеров