Жеңіс пойызы: майданға жүк жеткізген көлік қайта қалпына келтірілді

09.05.2025 17:02

1930 жылдары шығарылған құрамның ел аумағында жалғыз данасы қалған

Алматыға «Жеңіс пойызы» келді. Соғыс жылдары майданға жүк жеткізіп, бейбіт тұрғындарды тылға эвакуациялаған құрамды қайта қалпына келтіруге 10 жыл уақыт кетіпті. Бұл тек көлік құралы емес, тарихпен тілдестіретін шынайы платформа, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Алматы-2 теміржол бекетінде Жеңіс күні ерекше форматта өтті. Оған соғыс және тыл ардагерлері, әскерилер, оқушылар мен қала тұрғындары қатысты. Іс-шараның басты атрибуты «Жеңіс пойызы» болды. 1930 жылдары шығарылған құрамның бүгінде ел аумағында жалғыз данасы қалған. Ұйымдастырушылардың айтуынша, оны қайта қалпына келтіру үшін 10 жылдай уақыт кеткен. Қосалқы 6 вагонды, соғыс жылдары қолданылған басқа да техникаларды жаңғыртуға мүмкіндік туыпты.

«Ата-бабаларымыз Жеңіске өлшеусіз үлес қосты. Іс-шара арқылы сол ерлікті еске алып, оларға тағзым еткіміз келеді. Бұрын теміржол тіршіліктің күретамыры болатын. Сондықтан Жеңіс жолында теміржолшылардың да үлесі зор болды. Біз вагондарды 10 жыл бойы жинап, қалпына келтіріп, жөндеп шықтық». – деді жоба ұйымдастырушысы Руслан Ешмұхамедов.

Бұл құрам өткен ғасырдың 30-жылдарының соңында жасалған. Соғыс жылдары майдан шебіне оқ дәрі мен азық-түлік жеткізсе, тылға бейбіт тұрғындар мен жаралы сарбаздарды эвакуациялауға пайдаланылған. Жауынгерлер сияқты, бұл пойыз да Жеңіске айтарлықтай үлесін қосты. Алайда темір жол көлігі бүгінде өздігінен жүруге жарамсыз. Себебі, бу қысымымен жұмыс істейтін қозғалтқышы істен шыққан.

«Бұл – ең  соңғы паравоз. 1945 жылы Берлиннен машинист Полтарака айдап келген. Балаларға үлгі болсын дейміз. Бүгін көріп, қуанып жатыр», – деді Алматы теміржол ардагерлерінің төрағасы Дуан Омаров.

Салтанатты жиын концерттік бағдарламамен жалғасып, соғыс кезіндегі әндер орындалды. Оқушылар жауынгерлердің жазған хатын оқып, сахнада майданнан сыр шертетін шынайы оқиғаларға негізделген қойылымдар қойды. Сондай-ақ келушілер үшін арнайы фотозоналар мен ашық аспан астындағы көрме ұйымдастырылып, әскери ботқа ұсынылды.

Олжас Омарбек, Ханкелді Ахметхан

Оқи отырыңыз: Алматыда ардагерлер дала асханасынан дәм татты