Жетісу ауданының әкімі халықпен кездесіп, инфрақұрылым мен білім саласындағы жобаларды таныстырды

26.09.2025 15:48

Кездесуде сұрақ-жауап сессиясы болып, көпшілік көкейтесті сауалдарын аудан әкіміне жолдады

Алматының Жетісу ауданындағы Боралдай көшесінде 1200 орындық жаңа мектептің құрылысы жалғасып жатыр. Оқу ошағы «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында салынады. Бұл туралы Жетісу жұртымен жүздескен аудан әкімі Ләззат Жылқыбаева мәлімдеді. Сондай-ақ, №43 жалпы білім беретін мектепке 280 орындық қосымша ғимарат салу үшін жобалық-сметалық құжаттама әзірлеу басталған. Одан бөлек, оқу орны тапшылығын азайту мақсатында №112 мектепке 300 орындық қосымша ғимарат салу ісі қолға алыныпты, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Яблочков көшесіндегі бұл баспана 1950 жылдары бой көтерген. Қабырғасы жарық, іргетасы шөгіп, шатырынан су аққан бұл үйлер талайдан бері күрделі жөндеу көрмеген. Тұрғындар «Пәтеріміз реновация бағдарламасына ілініп, тезірек жаңғыртылса екен» деген өтініштерін білдірген. Бүгін де аудан әкімімен кездесуге келіп, аталған шаруаны жеделдетуді сұрады.

«Бізді тездетіп көшіруді сұраймыз. Өйткені біз тұрып жатқан үйдің жағдайы өте нашар. Реновация бағдарламасы аясында біздің баспанаға кезек 2030 жылы келеді екен. Біз оны күте алмаймыз. Іргетасынан бастап апатты жағдайда тұр. Аудан әкімімен кездесуге осы мәселені айтуға келдік. Ол кісі үнемі талап-тілегімізге құлақ түріп, мәселемізді біржақты етуге тырысады. Бұл түйткіл де жақын арада шешіледі деп үміттенеміз», - деді қала тұрғыны Дарья Хисаметдинова.

Кездесуде сұрақ-жауап сессиясы болып, көпшілік көкейтесті сауалдарын аудан әкіміне жолдады. Онда инфрақұрылым, инженерлік желілер, кәсіпкерлік сынды тақырыптар талқыланды. Сондай-ақ Ләззат Жылқыбаева жыл басынан бері ауданда атқарылып жатқан шаруалар туралы есеп берді. Әкім, әсіресе, инженерлік инфрақұрылымды модернизациялау, жылыту маусымына дайындық және жайлы қоғамдық кеңістіктер құру жобаларына ерекше көңіл бөлді. Оның айтуынша, аудандағы электр желілерінің 85%-ы тозған. Олқылықтың орнын толтыру үшін көше жарығын жаңғырту мақсатында жыл басынан бері 39,7 шақырым кабель желілері ауыстырылыпты. Одан бөлек, 100 жаңа жарық бағанасын орнату жоспарланған.

«Жалпы ауданның дамуы бойынша атқарылған жұмыстар туралы есеп берілді. Жылдың аяғына дейін тағы қандай жұмыстар іске асырылады, сол бойынша, әлеуметтік сала болсын, экономикалық сала болсын, басқа да күнделікті тұрмысқа байланысты сұрақтар, осы бойынша нақты жылдың соңына дейін ауданда қандай жұмыстар іске асырылатыны туралы халыққа жеткізілді», - деді Жетісу ауданының әкімі Ләззат Жылқыбаева.

Аудан азаматтары мұндай кездесулердің көп мәселені шешуге сеп болатынын айтады. Әкімнің халық үніне құлақ түріп, әлеуметпен байланысы күшейгені көңілге қуаныш ұялататын жеткізді.

«Әкімнің есеп беру жиналысына келіп қатысып отырмыз. Осы ауданның тұрғындарының мұң-мұқтажын тыңдау үшін әр саланың қызметкерлері, прокуратура, полиция, СЭС өкілдері қатысып отыр. Сол жерде сұрақтарды талдап, шешіп жатыр. Мұндай жиналыстар өтіп тұрғаны өте дұрыс деп ойлаймын», - деді қала тұрғыны Халықбек Кеңшілік.

Жиын нәтижесінде аудан әкімі 30-ға жуық сауалға жауап беріп, жауапты бөлім басшыларына тиісті тапсырма берді. Сондай-ақ азаматтардан «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында өз жобаларын ұсынуды өтінді.

Гүлмарал, Изатқызы, Ялкунжан Әшімжанов, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Алматы әкімі жылу беру маусымына дайындықты қатаң бақылауды тапсырды