Жол қауіпсіздігі: Алматыда 54 мыңнан астам бейнекамера жұмыс істейді

04.09.2025 15:50

Мейрам Дүйсековтің айтуынша, жол апаты 20 пайызға, адам шығыны 40 процентке азайған

Алматыда 54 мыңнан астам бейнекамера жұмыс істейді. Оның 2200-і адамның бет әлпетін тани алады. Бұл туралы қалалық Цифрландыру басқармасы басшысының орынбасары Мейрам Дүйсеков мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Оның айтуынша, жыл соңына дейін камераның саны 70 мыңға жетеді. Сонымен қатар мегаполисте жол қауіпсіздігін бақылайтын «Сергек» интеллектуалды жүйесінің 1 мың 641 кешені жұмыс істеп тұр. Мейрам Дүйсековтің айтуынша, жол апаты 20 пайызға, адам шығыны 40 процентке азайған.

«Кешенді қауіпсіздік жүйесі де маңызды рөл атқарады. Оның аясында 215 мектеп, 193 балабақша мен 64 медициналық нысанға бейнебақылау орнатылды. Бұл жүйе төтенше жағдай қызметіне автоматты түрде хабар беріп, оқиғаны талдауға мүмкіндік жасайды. Сондай-ақ қалада қосымша 32 SOS түймесі орнатылған», – деді Цифрландыру басқармасы басшысының орынбасары Мейрам Дүйсеков.

Спикердің айтуынша, Алматыда мектеп оқушыларына арналған жасанды интеллект бойынша бір жылдық білім беру бағдарламасы басталған. Онда 10 мың оқушы оқып, байқаудан кейін олардың ішінен мыңы junior-әзірлеуші біліктілігін алады. Бағдарламаның практикалық бөлімінде жасанды интеллектінің көмегімен цифрлық өнімдер жасалады.

«Қалада ІТ және стартап экожүйесін дамытуға арналған үш жылдық бағдарлама іске қосылмақ. Оның мақсаты – көлік, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, экология, медицина, қоғамдық қауіпсіздік пен білім беру салаларында жасанды интеллектінің мүмкіндігін пайдалану. Бағдарлама аясында 300-ге жуық жобаға қолдау көрсетіліп, оның кемінде 15-і қалалық инфрақұрылымға енгізіледі. Жобаға 100 миллион доллар көлемінде инвестиция тарту жоспарланып отыр», – деді Мейрам Дүйсеков.

Оқи отырыңыз: Қазақстан онлайн қызмет көрсету индексі бойынша ондыққа енді