Жол-көлік инфрақұрылымы: Әуезов ауданында қандай жұмыстар жүріп жатыр

03.07.2025 21:49

Биыл 20 мың шаршы метр жол жөнделіп, 10 мың шаршы метрге тротуар төселген 

Алматының Әуезов ауданында жол-көлік инфрақұрылымын жаңарту бағытында кешенді жұмыстар жүріп жатыр, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Аудан әкімдігінің мәліметінше, биыл 20 мың шаршы метр жол жөнделіп, 10 мың шаршы метрге тротуар төселген екен. Сонымен қатар жаңбыр суын айдайтын 5 шақырым арық жүйесі салынды. Оған қоса, қоғамдық көлік қолжетімділігін арттыру қолға алыныпты. Атап айтқанда, былтыр автопарк 240 автобуспен толықты. Жаңартылған көлік есебінен 8 жаңа бағыт іске қосылып, 13 маршруттың жиілігі артты.  

«Ауданымыздағы аула аумақтарының жағдайын жақсарту үшін 97 учаскеде ағымдағы жөндеу, ал 23 аулада күрделі жөндеу жүргізіледі. Жұмыстарды қырқүйекке дейін аяқтау жоспарланған. Одан бөлек, 25 нысанда жарықтандыру жұмысы күшейіп, 45 үйдің қасбеті ретке келтіріледі», - деді Әуезов ауданының әкімі Абзал Егембердиев.

Жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыру бағытында да нақты қадамдар жасалды. Аудан аумағына 153 «Сергек» кешені мен 1 мыңнан аса бейнебақылау камерасы орнатылды. Бұл жүйелер көлік қозғалысын бақылауға, құқықбұзушылықтың алдын алуға және төтенше жағдайларға жедел әрекет етуге мүмкіндік беріп отыр.

Аудан әкімі Абзал Егембердиевтің айтуынша, бұл жобалар қолайлы қалалық орта қалыптастыруға бағытталған.  

Оқи отырыңыз: Алматыда бордюрлер жөнсіз ауыстырылып жатқан жоқ – басқарма түсініктеме берді