Жылдар бойғы еңбектің жемісі: Алматы зообағында амур жолбарысы мен ақ қасқыр күшіктеді

Алматы хайуанаттар бағы – сирек кездесетін аңдарды көбейтіп отырған жалғыз орталық

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматы хайуанаттар бағында биыл 31 түрлі жануардан 87 төл алынған. Олардың қатарында сирек кездесетін амур жолбарысы, ақ қасқыр, бұғы мен таутеке бар. Мамандар мұны жылдар бойғы еңбектің жемісі деп отыр. Әр жануарға арнайы күтім жасалып, табиғи ортаға барынша ұқсас жағдай қарастырылған. Алдағы уақытта бақ жаңа экзотикалық жануарлармен толықпақ, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Тарихы тоқсан жылға жуық Алматы хайуанаттар бағында бүгінде 3 800-ден астам аң-құс мекендейді. Биыл ұжым олардың санын көбейту жолында айтарлықтай табысқа жеткен. Ветеринар дәрігер Юлия Дудкинаның айтуынша, 31 түрлі жануардан 87 төл алынған. Олардың арасында айбынды амур жолбарысы, ақ қасқыр, сондай-ақ бұғы мен таутеке бар.

«Біздің ең үлкен қуанышымыз – амур жолбарыстарының төлдеуі. Қатарға 2 күшік қосылды. Бұл нәтижеге қол жеткізу үшін төрт жыл бойы үздіксіз еңбектендік. Сондай-ақ биыл екі жұп ақ қасқыр да ұрпақ өрбітті. Бірі үш, екіншісі бір бөлтірік туды. Мұндай сирек кездесетін әрі аса бағалы жануарлардың көбеюі – еліміз үшін маңызды жетістік», - деді Алматы хайуанаттар бағының ветеринар дәрігері Юлия Дудкина.

Алматы хайуанаттар бағы – Еуропа мен ТМД елдері ішінде барлық жыртқыш құстарды төлдетіп отырған жалғыз орталық. Ол шетелдік бірнеше ұйымдармен меморандумға қол қойған. Алдағы қарашада көбейіп жатқан аққұйрық бүркіттері Америкаға жол тартпақ. Есесіне бақ жаңа экзотикалық жануарлармен толығады. Жақын күндері АҚШ-тан тамандуа мен алтыжолақты кіреукей, ал Канададан сілеусіндер әкелінбек.

«Алматы хайуанаттар бағы жыртқыш құстарды – сақалтай, ақ иықты және ақ басты бүркіттерді, құзғындар мен тазқараларды көбейту ісінде халықаралық деңгейде танымал. Америкалық Timbavati Wildlife Park ұйымы біздің бақта құмайлардың табиғи жолмен көбейіп жатқанын ерекше атап өтті. Бұл – Алматы үшін үлкен мәртебе», - деді Алматы хайуанаттар бағының коллекция жетекшісі Айман Едгебаева.

Бақ әкімшілігі алдағы уақытта жануарлар мекендейтін вольерлерді кезең-кезеңімен жаңартуды жоспарлап отыр. Алайда бұл зообақ толық жабылады дегенді білдірмейді. Қайта жөндеу жұмыстары келушілерге қолайсыздық тудырмай, біртіндеп жүзеге аспақ.

«Қазіргі таңда қар барысы мен кәдімгі сілеусінге арналған вольердің эскиздік жобасы дайын. Сонымен қатар бүкіл зообақ аумағын жаңарту жоспары бар. Әрине, жөндеу жұмыстары кезінде зообақ жабылмайды. Сол уақытта жануарлар бос вольерлерге уақытша көшіріліп, босайтын аумақтарға жаңа вольерлер салынады», – деді Алматы хайуанаттар бағының ғылыми-әдістемелік бөлімінің жетекшісі Ақжами Рахимова.

Бүгінде Алматы хайуанаттар бағы – елдегі табиғатты қорғау мен биоалуантүрлілікті сақтау ісіндегі жетекші орталықтардың бірі. Коллекцияны кеңейту, инфрақұрылымды жаңарту және шетелдік зообақтармен әріптестікті нығайту бағытындағы жұмыстар тұрақты жалғасып жатыр.

Мәди Мәлік, Мейрам Исабеков, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: "Археология саласында хаос болып жатыр". Мәжіліс депутаттары заңды қатаңдатуды ұсынды

Новости партнеров