Жүзден астам алматылық жас JAS CAMP аясында digital-жобалар әзірлейді

29.08.2026 12:15

Қатысушылар Алматыдан 18 шақырым жерде орналасқан демалыс аймағында жұмыс істейді

Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі

Алматыда биыл 29-31 тамыз аралығында жастарға арналған Digital Camp — JAS CAMP өтеді. Үш күндік білім беру бағдарламасы 100-ден астам жастың басын қосып, олар өздерінің цифрлық жобаларын әзірлейді. Бұл туралы қалалық Жастар саясаты басқармасының өкілдері хабарлады, деп хабарлайды Almaty.tv.

Қатысушылар Алматыдан 18 шақырым жерде орналасқан демалыс аймағында жұмыс істейді. Олар 10 командаға бөлініп, идеяны қалыптастыру мен мәселені айқындаудан бастап, MVP — өнімнің минималды өміршең нұсқасын әзірлеуге және оны көпшілік алдында қорғауға дейінгі кезеңдерден өтеді. Лагерь қорытындысы бойынша 20-дан астам digital-жобаны таныстыру жоспарланып отыр.

Бағдарлама практикалық жұмысқа негізделген. Ол бес бағытты қамтиды: Idea → Product, AI & Digital, UX/UI және жобаны рәсімдеу, жобалық команданың жұмысы, Pitch & Storytelling. Қатысушылар мақсатты аудиторияны анықтауды, жасанды интеллект пен digital құралдарды пайдалануды, өнімді визуалды тұрғыда рәсімдеуді және жобаларды таныстыруды үйренеді.

Жалпы бес шеберлік сабағы және 10 сағаттан астам IT-әзірлеме қарастырылған. Бірінші күн команда құруға және идеялармен жұмысты бастауға арналса, екінші күні қатысушылар менторлармен бірге жобаларын әзірлейді. Үшінші күні жобалар пысықталып, Demo Day өтеді. Сондай-ақ, Digital Night — түнгі digital-хакатон ұйымдастырылады. Оның барысында командалар MVP мен презентацияларын әзірлеуді жалғастырады.

«Бүгінде цифрлық дағдылар қосымша құзырет қана емес, жастардың кәсіби дамуына қажетті негізгі құралдардың біріне айналды. Сондықтан біз үшін жастар теориялық білім алып қана қоймай, идеясын нақты өнімге айналдыруды үйренетін форматты қалыптастыру маңызды. JAS CAMP қатысушылары үш күн ішінде қалыпты жағдайда бірнеше айға созылуы мүмкін жолдан өтеді: команда құрып, мәселені айқындайды, оның шешімін әзірлеп, сарапшыларға ұсынады. Бұл лагерь көптеген жас үшін IT, кәсіпкерлік және жобасын жүзеге асыру бағытындағы алғашқы маңызды қадам болады деп сенеміз», — деді Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасының басшысы Азиз Кажденбек.

JAS CAMP бағдарламасының қорытындысы Demo Day болады. Онда командалар интенсив барысында әзірлеген 20-дан астам жобасын таныстырады. Қатысушылар идеясын жүзеге асырумен қатар, командада жұмыс істеу, көпшілік алдында сөйлеу тәжірибесін жинақтап, IT саласындағы мамандықтармен танысады.

Оқи отырыңыз: Заң мен тәртіп: Қазақстанда жарты жылда қылмыс деңгейі 10%-ға төмендеді

Толық көрсету