1 қыркүйекте ұстазға гүл сыйлау міндетке айналмауы тиіс - министрлік

29.08.2026 12:56

Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, мақсат – мектептегі алғашқы күнді даңғазасыз, жылы әрі тәрбиелік мәнде өткізу

Depositphotos.com

1 қыркүйекте ұстазға гүл сыйлау жақсы дәстүр. Алайда ол міндетке, жарысқа немесе ата-анаға артық шығынға айналмауы тиіс. Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Министрлік гүлдің көлемі немесе бағасы емес, баланың ұстазына деген құрметі маңызды екенін атап өтті. Сондықтан гүл сыйлау әр бала мен ата-ананың ерікті таңдауы болуы керек.

«Білім беру ұйымдары гүл немесе сыйлық сатып алуға бастамашылық жасамауы, ақша жинауды ұйымдастырмауы және мұны ата-аналарға міндеттемеуі тиіс», – делінген ведомство хабарламасында.

Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, мақсат – мектептегі алғашқы күнді даңғазасыз, жылы әрі тәрбиелік мәнде өткізу. Сондай-ақ балаларды ұстазды құрметтеуге, қарапайымдылық пен ізгілікке тәрбиелеу көзделеді.

Оқи отырыңыз: Жүзден астам алматылық жас JAS CAMP аясында digital-жобалар әзірлейді

Толық көрсету