Қаланы қалпына келтіру жұмыстары: Алматының бүгінгі көрінісі қандай

Зере Саримова
Фото: Бауыржан Карипов
Фото: Бауыржан Карипов
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматының тыныс-тіршілігі бұрынғы қалпына қайта келіп жатыр. Бүгіннен бастап қаламыздың бірқатар азық-түлік дүкені, қоғамдық тамақтану орны мен сауда базарлары жұмыс істеп жатыр. Сондай-ақ Dostyk Plaza, Mega, Atakent mall сауда орталықтары және басқа да бірнеше танымал ойын-сауық нысаны жұмысын қайта бастап, көшеде көліктер ағылып жүріп жатыр. Бұл – бүгінгі Алматының көрінісі, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Түскі уақыт. Алматыда төтенше жағдай енгізілгелі бері тұман түсіп, бұлтты ауа райы сақталып тұрды. Бүгін күн ашылып, ауа температурасы +1°С жылынды.

Қалалық штабтың мәліметінше, тамақтану орындары, жанар-жағармай құю бекеттері мен өнеркәсіп орындарының жұмысы қайта жанданды.

Тәртіпсіздік барысында ірі сауда желілерінің 31 объектісі  зардап шекті: Magnum – 19, «Тоймарт» – 11, Interfood – 1. Бүгінде барлық 52 сауда базары жұмыс істейді. Базарлар арасында зардап шеккен нысандар анықталған жоқ. 12 қаңтардағы жағдай бойынша қалада 149 ірі және орта супермаркеттің 120-сы (80,5%) жұмыс істейді.

«220 ЖЖҚБ-ның 127-сі ашылды (58%). 13 қаңтардан бастап қосымша 33 желілік емес жеке ЖЖҚБ (15%) ашу жоспарлануда. Жанар-жағармай құю бекеттерінің 74 нысаны зардап шегіп, оның 14-і қалпына келтіріліп, жұмыс істеуде», – деп жазады Алматы қаласының тыныс-тіршілігін қамтамасыз етуді қалпына келтіру жөніндегі қалалық штабы.

Қалада 93 ірі сауда объектісі бар (СОСО, СО, СҮ). 11 қаңтардан бастап 6 СОСО: Globus, Sputnik, "Ритц палас", "Алма-Ата", Grand Park, Almaty Mall, сондай-ақ 60 СО іске қосылды. Бүгіннен бастап тағы 8 СОО жұмысын бастады. Олар: Dostyk Plaza, Mega, Atakent Mall, Mart, Silkway City, "Алатау", ADK.  

Бүгінгі күні 3 200 қоғамдық тамақтану нысандарының 1 500-і сағат 09.00-ден 18.00-ге дейін жұмыс істеуде. Төтенше жағдайдың соңына дейін спирттік ішімдіктер сатылмайды. Жалпы 39 қоғамдық тамақтану нысан зардап шекті. Бүгінде 120 кәсіпорынның 82-і жұмыс істейді. 19 қаңтарға дейін 38 кәсіпорынды іске қосу жоспарлануда.

Осы ретте қала басшысы Бақытжан Сағынтаев отандық және ресейлік телеарналарға сұхбат берді.

Мегаполис басшысы қазір қаланы қоқыстан тазартып, қираған мүлікке келген шығындар есептеліп жатқанын хабарлады. Қала өміріне қажетті коммуналдық қызметтер түгел штаттық режимде істеп, қоғамдық көліктерді толық жолға шығару жұмыстары ұйымдастырылғанын айтты.

Бұдан бөлек, әкім сол қақтығыс күшейген күндердегі тәртіп сақшылары мен әскерилердің жасаған ерлігіне ерекше тоқталды. Бастысы, қала полициясы мен арнайы жасақ сарбаздары өз міндеттерін абыроймен атқарды деді.

«Халыққа оқ атылмауы керек. Бүлікшілер қаланың әр ауданында орналасқан ішкі істер басқармасының бірде-бір ғимаратын күшпен ала алмады. Полицейлерге шабуыл жасалды, оқ аталды. Соған қарамастан, олар соңына дейін өз қызметтерін ерлікпен атқарып, жанын берді», – деп атап өтті Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев.

Сондай-ақ әкім қаланы содырлардан босату жұмыстары аяқталуға жақын екенін айтты. 

Оның сөзінше, басты қауіпті деген қылмыстық топтар анықталып, ұсталды. Олардың тығып қойған қару-жарақтары мен ұрланған бұйымдары табылып жатыр.

Қала коменданты Қанат Таймерденов мегаполис тұрғындары мен қонақтарына жасаған үндеуінде өткен тәулікте қалада 14 қылмыс болғанын мәлімдеді. 

Бірақ олардың бәрі ізі суымай ашылды. Қазір қаланы лаңкестерден тазарту жұмыстары жүріп жатыр.

«Полиция жасақтарымен Алатау және Медеу аудандарында профилактикалық және іздестіру шаралары өткізілді. Осы уақытта 1678 күдікті ұсталды. Заңсыз айналымнан 36 бірлік қару және 1476 оқ-дәрі тәркіленді. Алматының шетінде орналасқан 5 блок-бекетте 38 адам ұсталды. 102 пультіне 881 хабарлама келіп түсті. Комендатураның Call-centre орталығына азаматтардан жедел әрекет етуге талап ететін 136 қоңырау қабылданды. Барлық хабарламалар өңделді», – деді Полиция департаментінің бастығы, Алматы қаласының коменданты Қанат Таймерденов.

Әзірге мегаполисте ауқымды жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп, антитеррорлық операция әлі жалғасуда. 

Қала тұрғындарына қауіпсіз жерде болуға, сағат 23:00-ден кейі көшеге шықпай, терезден алыс болуға кеңес беріледі. Коменданттық сағат төтенше жағдай аяқталғанға дейін күшінде болады.

Новости партнеров