Алматыдағы 28 панфиловшылар саябағында ағаштардың тамыры кесіліп жатыр. Экологтар осылай деп дабыл қағуда. Онда жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстары кезінде ауыр техникалар жасыл желекке айтарлықтай зиян келтірген. Суару жүйесін жүргізуге тапсырыс берген қалалық жайлы орта басқармасы бұл мәселеге қатысты не дейді? Тәртіп бұзғандарға қандай жаза қолданылады? Almaty.tv тілшісі Арнат Дүйсен толықтырсын.
«Саябақ аумағын абаттандыру» жобасы аясында сыртқы жарықтандыру жүйесін ауыстыру, бейнебақылау орнату, газон егу жұмыстары қарастырылған. Суару жүйесін орнату кезінде саябақ аумағына су жинағыш резервуары орнатылады. Осы жұмыстарды атқарып жатқан мердігер компания ағаштарға зиян тегізіп жатқаны экологтардың наразылығын туғызды. Олардың пікірінше, суару жұмыстарын жүргізу кезінде ағаштардың тамырын кесіп жатқан көрінеді. Ол үлкен апатқа алып келуі мүмкін деп қорқады.
«25 шілдеде Мақатаев көшесінде ағаш құлады. Ол инжинерлік желілерді жүргізу кезінде ағаштың тамырына зиян келтіргеннің салдары. Дәл сондай оқиға Абай мен Сейфуллин көшелерінің қилысында болды. Ол жерде де инжинерлік желілер жүргізілген. Мұнда да сол жағдай қайталанбаса екен дейміз», – деді эколог Тимур Елеусізов.
Мұнда заң бұзушылықтар бірінші рет тіркеліп отырған жоқ. Осыдан бір ай бұрын жүргізілген тексеру кезінде осы сынды бірнеше проблемалар анықталған екен. Жалпы алғанда, 70-тен астам зақымдалған ағаштар тіркеліпті. Ал, қалалық жайлы орта басқармасының басшысы бәрін заң бойынша ретке келітіреміз деп уәде етті.
«Күнделікті қадағалауға алып отырмыз. Бұл саябақ болғаннан кейін ішіндегі эко жүйе біз оған бей-жәй қарамаймыз. Сондықтан күнделікті қадағалауда. Егер жаңбұзушылықтар анықталса, оған міндетті түрде шара қолданылады. Қазіргі таңда бір заңбұзушылықтар бар. Кішкентай ғана. Бір жерде бетон да төгіп кеткен екен. Оның бәріне шара қолданамыз», – деді қалалық Жайлы орта басқармасының басшысы Сапар Нұрашев.
Ал, шаһар басшысы Бақытжан Сағынтаев «Алматы» арнасындағы «Akimat live» бағдарламасында әрбір тұрғынның өтініші елеусіз қалмайтындығын айтты. Оның сөзінше, саябақты абаттандару бойынша алдымен жергілікті халықпен ақылдасу жұмыстары жүргізілген.
«Орындықтардың саны жетпейді сол жердегі. Сол жердегі демалып жатқан кісілерден сұрадық «қандай орындықтар қойсақ ыңғайлы» деп. Сол кісілердің сұрауы бойынша кезіндегі ескі орындықтар ыңғайлы екен отырғанға. Модерн орындықтар емес. Ескі. Шойынды екі қапталы бар, ағаштан жасалған. Осындай болса екен дедеген соң, орындықтарды соған ауыстырып жатырмыз», – деді Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев.
Ал, 28 Панфиовшылар саябағында абаттандыру жұмыстарын жүргізіп жатқан мердігер компания басшының атына хаттама толтырылып, тергеу жүргізілетін болады.
Арнат Дүйсен, Ескендір Тоғысбаев, «Алматы» арнасы