Алматы қаласының экология және қоршаған орта басқармасы «Жасыл аула» науқанының басталғандығын хабарлайды. 20 қыркүйектен бастап қала тұрғындарынан көпқабатты үйлердің ауласы мен қоғамдық кеңістіктерді көгалдандыру үшін жапырақты көшеттерді алуға өтінім қабылданады. Көшеттер тегін беріледі, деп хабарлайды Almaty.tv.
Науқан аясында бір адамға 20-ға дейін көшет бөлінеді, бұл ретте өтініш беруші отырғызылған ағаштарды алдағы үш жыл бойы күтіп-баптау туралы кепілді міндеттемеге қол қоюы тиіс.
Өтінімді қабылдау 1 қазанға дейін жалғасады. Көрсетілген уақыттан кейін жолданған өтініш қабылданбайды.
Қатысу үшін Jasyl.aula.almaty@gmail.com электронды поштасына келесі мәліметтерді жолдау қажет:
1. Қатысушының аты-жөні мен телефон нөмірі, ағаш отырғызылатын орынның нақты мекенжайы;
2. Ағаш отырғызылатын орынның фотосы (мамандарға орынды толықтай бағалауға мүмкіндік болуы үшін панорамалық форматта болғаны жөн);
3. Сұралып отырған көшет саны.
Көшеттерді тарату Алматы қ., Әуезов ауданы, Юрий Ким к-сі, 9 («Eco Almaty» ЖШС) мекенжайында 2023 жылдың 7, 8, 14, 15 қазанынан бастап жоспарланған. Отырғызылған көшеттердің фото есебін жіберу қажет.