Астанада 12-қабаттан құлап көз жұмған балаға буллинг жасалды деген ақпарат шындыққа жанаспайды. Марқұм оқыған мектеп басшылығы жеткіншектің оқу үлгерімі орташа болғанын айтты. Ал баланы тірісінде күнде көріп жүрген вахташы оның жерде жатқан денесін бірден таныған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Марқұм екі әпкесі, ата-анасымен 12 қабаттағы пәтерде тұрған. Үйінен шығып, сырттағы балконға келген жеткіншекті байқаусызда жерге құлап кетті деуге келмейді.
Отбасының бұл тұрғын үй кешеніне көшіп келгеніне 2 айдан асыпты. Вахташының айтуынша, жеткіншектің ата-анасы таңертең жұмысқа кетіп, кешке келеді. Көпшіліктің көзінше жанжалдасқанын көрмепті.
– «Сіздің секциядан бала құлады» деп қыздар хабарласты. Жүгіріп шығып қарасам, жерде жатыр екен. Ата-анасы жылы жүзді, өте жақсы кісілер. Қашан көрсең күліп амандасады, – деді вахташы Жанатгүл Мансұрова.
Баланың денесі табыла салысымен әлеуметтік желіде «жеткіншекті мұндай қадамға буллинг итермелеуі мүмкін» деген нұсқалар жариялана бастады. Марқұм оқыған мектептің басшылығы оның ешқандай тіркеуде тұрмағанын айтып, өзін сабырлы, байсалды ұстайтын деп бейнелеп берді.
– Сыныпта буллинг болмады. Мен оны 100 пайыз сенімді айта аламын. Сыныптастарынан да сұрастырдық. Біз жоспарлы түрде профилактикалық жұмыс жүргізіп тұрамыз. Баланың өзі тұйық емес еді, – деді №17 мектеп-гимназиясы директорының орынбасары Күлхан Мазова
Ал полицейлердің алдын-ала болжамы бойынша, бала үйдің терезесінен секіріп кеткен. Қылмыстық іс қозғалған.
– Аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 105-бабы, 3-бөлігімен сотқа дейінгі тергеп, тексеру амалдары жүргізілуде. Орын алған оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр. Қылмыстық процестік кодекстің 201-бабына сай сотқа дейінгі тексерудің өзге де деректері жария етілмейді, – деді ПД баспасөз қызметінің жетекшісі Эльмира Шәуленова
Айта кетейін, бірнеше жыл бұрын дәл осы тұрғын үй кешенінде мектеп оқушысы биіктен құлап көз жұмған еді. Ол да осы оқу ордасында білім алған. Ал кешегі жеткіншекті мұндай қадамға баруға не итермелегенін полицейлер анықтап жатыр.
Өмір Серікбекұлы, Данияр Омар, Дастан Темірбекұлы, «Алматы» телеарнасы, Астана
Оқи отырыңыз: Тараздаға жарылыс: екі адам жансақтау бөлімінде жатыр