Каспий итбалығының популяциясын қалпына келтіруде нәтиже байқалмай тұр - Дүйсенғазы Мусин

ашық дереккөзден
ашық дереккөзден
Сенатор балық шаруашылығы саласының дамуы елдің азық-түлік қауіпсіздігіне тікелей әсер ететінін атап өтті
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Сенатор Дүйсенғазы Мусин еліміздің Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың атына жолдаған депутаттық сауалында Каспий итбалығы популяциясын сақтау жұмысында нақты нәтиже жоқтығын, ал балық шаруашылығының өндірістік және ғылыми базасы әлсіз екенін айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Депутат 2030 жылға дейін есептелген салалық бағдарламаға сәйкес балықты ішкі тұтыну деңгейін 134 мың тоннаға ұлғайту, ал импорт көлемін 25 мың тоннаға дейін азайту жұмыстары жоспарланып отырғанын атап өтті.

«Табиғи су айдындарымен қоса, акваөсірудің қарқынды дамуына қарамастан, бағдарламада көзделген нысаналы көрсеткіштерді орындауда көптеген кемшілік бар. Су биологиялық ресурстарын сақтауда, Каспий итбалығының популяциясын қалпына келтіруде нақты нәтиже байқалмай отыр. Сонымен қатар, браконьерлікпен күрес, балық ресурстарын қорғау саласындағы мемлекеттік бақылау мен қадағалау деңгейі төмен», - деді сенатор.

Сенатор балық шаруашылығы саласының дамуы елдің азық-түлік қауіпсіздігіне тікелей әсер ететінін атап өтті. Ол өз сауалында саладағы мәселелерді шешудің бірқатар кешенді жолдарын ұсынды. Депутат су ресурстарының тапшылығы болуының ықтималдығын ескере отырып, балық шаруашылығын дамытудың 2021-2030 жылдарға арналған бағдарламасына жекелеген түзетулер енгізуді ұсынды.

Дүйсенғазы Мусин терең өңделген балық өнімдерін ілгерілету және субсидиялау жұмыстарымен белсенді түрде айналысуды маңызды деп санайды. Мемлекеттегі балық өсіру шаруашылықтарын қайта құру және сала қызметкерлерінің жалақысын өсіру туралы мәселені қарау қажет екенін, оған қоса аумақтық балық қорғау органдарын заманауи жабдықтармен жарақтандыруға ерекше назар аудару керек екенін де айтты.

«Каспий итбалығының популяциясын сақтау мақсатында ерекше қорғалатын табиғи аумақ құрылуы – келешекте, мемлекетаралық келісімдер негізінде, трансшекаралық қорық құруға негіз болады деп білеміз. «Акваөсіру туралы» заң жобасының қабылдануының жеделдетілуі, сонымен қатар, балық шаруашылығының заңнамалық базасын жетілдіру мақсатында Су және Жер кодекстеріне және басқа да заңдарға түзетулер енгізу - саланың дамуына жаңа серпін берері сөзсіз», - деді депутат.

Новости партнеров