Бүгін Парламент Мәжілісіндегі Үкімет сағатында ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев Каспий теңізінде итбалықтың қырылуына қатысты зерттеу жұмыстары бір айдың ішінде жарияланатынын айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.
«7 қарашада итбалықтардың қырылуы дерегі тіркелді. Олардың саны 141-ге жетті. Дереу шаралар қабылданып, мемлекеттік органдар қатарынан комиссия құрылды. Итбалық өлекселерін зерттеу жұмыстары жүргізілді», - деді С. Брекешев.
Осы орайда ол бір айдың ішінде зерттеу нәтижесі жарияланатынын айтты.
«Мамандар күкіртті сутегінің бөлінуі инбалықтарға әсер етуі мүмкін дегенді айтып отыр. Тыныс алу үшін итбалықтар су бетіне шығады. Осы орайда бұл итбалықтардың өліміне әсер еткен қандай да бір газдың бөлінуі болуы ықтимал. Біздегі мәлімет бойынша Каспий теңізінде 300 мыңнан астам итбалық бар. Біз тиісті қорықты құру, сондай-ақ Каспий теңізі және биоалуантүрлілік мәселелері жөніндегі мемлекеттік институтты ұйымдастыру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз», - деді министр.
Бұдан бұрын хабарланғандай, жақында Каспий жағалауынан 100-ден астам итбалықтың өлексесі табылды.