Қамыс өртіне байланысты Атыраудағы мектептер онлайн оқуға ауыстырылды

nur.kz
nur.kz
Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, 85 гектар жер өртеніп кеткен
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Атырауда 2 күннен бері қамыс өртеніп, қаланы қара түтін басып қалды. Мектептер мен колледждер шұғыл түрде қашықтан оқуға ауыстырылды. Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, 85 гектар жер өртеніп кеткен, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Кешелі бері атыраулықтардан маза қашты. Ақжайық мемлекеттік табиғи резерваты аумағында қамыс өртеніп, қала қою қара түтінге оранды. Ыстың иісінен тұрғындар өздерін нашар сезіне бастаған. Біреуінің басы айналып, енді бірінің қан қысымы көтеріліп кеткен. Онсыз да экологиясы ақсап тұрған мұнайлы өлке халқы үшін қамыс өрті «жығылғанға жұдырық» болды.

«Атыраудың экологиялық жағдайы бүгін басталып жатқан жоқ. Проблема өткір, қанша жыл айтылып жатыр. Күкірттен кейін, қамыс өрті қосылды. Атырау халқына көмек керек. Бір күні атыраулықтар шынымен де оянбай қалуы мүмкін», – деді тұрғын.

«Қамыстың өртенген иісінен балам екінші күн ауырып жатыр, өзім де жұмыста әрең отырмын. Әкімдік пе, жоғарыдағылар ма бір шешімін қабылдайтын болар», – деді қала тұрғыны.

Тілсіз жаудан қалаға қауіп жоқ. Десе де, қамыс түтінінің қала аумағын басуына байланысты жергілікті билік мектептер мен колледждерді уақытша онлайн оқуға жіберуге мәжбүр. Өрт ошағы қаладан 30 шақырым жерде, Каспий жағалауында орналасқан.

«Каспий теңізі жағалауы бойында орналасқан мемлекеттік табиғи резерватында 2 сәуірден бастап 89 гектар жерде қамыс жанып кеткен. Оның 82 гектары өшірілді. Батпақты жердегі өртті екпінді жел әсерінен өшіру қиындық туғызып отыр», – деді Атырау облысы ТЖД бастығының орынбасары Жасұлан Ақтаев.

Қазір қалада ыстың иісі әлі кете қойған жоқ. Демалу мүмкін емес. Салдарынан кейбір тұрғындардың басы айналып, қан қысымы көтерілген. Жағдай әсіресе таңертең күрделі болды. Қаланы қою түтін басып, қозғалыс қиындаған. Қазір 70 адамнан құралған арнайы жасақ және 10-нан астам техника қызыл жалынмен арпалысып жатыр.

Жұлдыз Қайратқызы, Фархат Тәжібаев, «Алматы» телеарнасы, Атырау

Новости партнеров