Киік саны 1 миллион 318 мыңға жетті
Қазақстанда дәрілік өсімдіктерді пайдалану заңмен реттелмеген. Бұл шикізат қорларының сарқылуына әкелуі мүмкін. Бүгін Мәжіліс депутаттары өсімдіктер әлеміне қатысты заң жобасын талқылады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Республиканың өсімдіктер әлемінде ағаш-бұта және шөптесін өсімдіктердің 6 мыңнан астам түрі бар. Оның ішінде 1 жарым мыңға жуық түрі дәрілік өсімдіктер екен. Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешевтің айтуынша, дәрілік өсімдіктерді жинау көлемінің өсуіне сыртқы нарықтағы сұраныстың артуы ықпал еткен. Кедендік статистика деректері бойынша, қазақстандық мия тамыры негізінен Қытай, Түркия және АҚШ-та жоғары сұранысқа ие
«Қазақстаннан экспортталатын дәрілік өсімдіктердің тізіміне 14 түрі кіреді. Мия, ферула, цистанхе, Түркістан сабын тамыры және басқалары. Мысалы, 2018 жылдан бастап 2021 жылға дейін Қытайға 32,7 мың тонна мия тамыры экспортталды, бұл жалпы ботаника және фитоинтродукция институты ұсынған нақты өңірлер бойынша мия дайындау көлемінен едәуір асады», – деді ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев.
Сонымен қатар Экология, геология және табиғи ресурстар министрі күрт көбейген киіктердің санын қалай кемітетіндерін айтты. Оның сөзінше, киелі жануарды атуға рұқсат берілуі мүмкін.
«Егер біздің ғалымдар киік санын реттеуге рұқсат беретін болса, қазір жұмыс тобымен бүкіл сұрақтарды қарастырып жатырмыз. Оларды ату жолымен де азайтуымыз мүмкін. Негізгі мәселе Батыс Қазақстан облысы бойынша байқалып отыр. Өйткені, киіктер қазір ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің егістіктеріне шығып жатыр. Бүгінгі таңда олардың саны 1 миллион 318 мыңға жетті, біз популяцияны сақтап қалдық», – деді ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев.