Коронавирус қоршаған ортаның тазаруына қалай әсер етті

Almaty.tv
Almaty.tv
Биыл Алматыда 280 мың ағаш көшеті отырғызылды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Әлемді жайлаған коронавирус адамзатқа қаншама зардап әкелсе де, қоршаған ортаның тазаруына айтарлықтай әсер етті. Мәселен, төтенше жағдай кезінде Алматыда транспорттың саны азайып, ауаның ластануы күрт төмендеді. Ал, биыл Алматыда жасыл-желектің рекордтық саны отырғызылды. Бұл жалпы экологияға қалай әсер етеді? Мамандар пікірін білген Almaty.tv тілшісі Сымбат Ноғай тарқатсын.

Көктемде төтенше жағдайға байланысты улы газдардың бірнеше ресурсы жойылып, Алматыны басқан мына түтіннің біршама сейілгені белгілі. Алайда карантиндік шектеулер жеңілдегелі атмосфераның қайта ластануы байқалуда. Мегаполистегі экологиялық ахуалды реттеу үшін биыл ауқымды шаралар қолға алынған еді. Енді бәрін рет-ретімен айтсам.

Мамандардың мәліметінше, төтенше жағдай кезінде қаладан 24 мыңға жуық автокөлік шыққан. Ал, күн сайын кіріп шығатын 250 мыңға жуық машина келмей қалды. Соның әсерінен атмосфераға бөлінетін ластаушы заттардың көлемі күрт төмендеген. Яғни, қала экологиясы көліктердің көптігінен ластанады дейді мамандар. Бұл бірінші фактор.  

«Сөзсіз дүние жүзіндегі болған пандемиялық жағдай қоршаған ортаға өзінің оң әсерін берді. Ол ірі қалаларда, мысалы, өз Алматы қаламызда, шектеулі мөлшер концентрациясы ауаға түсетін қалдықтар, ауаға түсетін зиянды улы заттар, олардың мөлшері 1,5-2 есеге азайған», – деді эколог Айнұр Сейілхан.

2-Жылу электр орталығы қаланың 40 пайызын электр энергиясымен, ал 60 пайызын жылумен қамтып отыр. Алайда кәсіпорын жыл сайын 2 миллион тонна көмір жағады. Осы жылы орталықты толықтай газға көшіру туралы шешім қабылданды. Нәтижесінде атмосфераға түсетін ластаушы заттардың жылдық саны 80 пайызға қысқармақ. Жобаны 2025 жылдың соңына қарай кезең-кезеңмен жүзеге асыру жоспарланған.

«Желтоқсан айында жобаның техникалық-экономикалық негіздемесі мемлекеттік сараптама порталына жүктелді. Біз күкірт тотығының шығарындыларын толығымен жоюды көздеп отырмыз», – деді «Алматы электр станциясы» АҚ дамыту жөніндегі басқарманың басқарушы директоры Серік Қалиев.

Мегаполис атмосферасына бөлінетін қалдықтардың 15 пайызы көмір жағатын жеке секторға тиесілі екен. Биыл қаланы көгілдір отынмен қамту көрсеткіші 99 пайызға жетті. Ауа ластаушы заттар көлемі тағы да азайды.

«Алматы қаласын толық 100 пайыз газбен қамтамасыз ету 2025 жылға дейінгі жоба болып есептеледі. Бүгінгі таңда 99 пайызы газ құбырына қосылған, газ құбыры жүргізілген», – деді қалалық Энерготиімділік және инфрақұрылымдық даму басқармасының бас маманы Уәли Бекдос.

Ал, биыл Алматыда 280 мың ағаш көшеті отырғызылды. «Жасыл Алматы» бағдарламасы аясында алдағы үш жылда мегаполисте бір миллион ағаш отырғызу жоспарланған. Осылайша, 2022 жылы бір тұрғынға келетін жасыл желектің ауданы 11 шаршы метрге дейін жететін болады. Нәтижесінде 3 жыл ішінде ауа атмосферасындағы зиянды заттардың көлемі 25 пайызға төмендейді.  

«Биылғы 2020 жылы Алматы аумағында 250 мың жасыл желек отырғызуды жоспарлағанбыз. Бүгінгінде ағаштардың саны қойылған мақсаттан асып тұр», – деді қалалық Жасыл экономика басқармасының бас маманы Нұрлан Құтыбаев.

Сондай-ақ, қала әкімі қоғамдық көлікті газ бен электрге ауыстыру жөнінде тапсырма берді. Нәтижесінде 150 автобус алынып, 200 такси газға ауыстырылды. Одан бөлек, ауаның ластануының тағы бір шешімі – электр қозғалтқыштарына көшу. Осы орайда қалада 14 электр автобусы іске қосылды.

Сымбат Ноғай, Ғани Қалуов, Ялкунжан Әшімжанов, Мейрам Исабеков, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров