Құрғақшылықтан құтылу мүмкін емес, тек қарсы тұра білуіміз керек – Серік Кененбаев

Құрғақшылықтан құтылу мүмкін емес, тек қарсы тұра білуіміз керек – Серік Кененбаев
Қазақстанда болжам бойынша 2050 жылы температура 2-3 градусқа көтерілуі мүмкін
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Мамырдың басы салқын болғанымен бірқатар өңірде құрғақшылық болуы мүмкін деген болжам да айтылып жатыр. Әсіресе Ақтөбе, Қызылорда, Маңғыстау облысында күн қатты ысуы ықтимал, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Казгидромет мамандары келтірген мәліметтен кейін былтырғыдай төрт түлігімізді арам өлтіріп аламыз ба деген алаңдаушылық туғаны рас. Серік Кененбаевтың айтуынша, құрғақшылыққа дайын болуымыз керек.

«Біз құрғақшылықтан әрине құтыла алмайтын шығармыз. Өйткені қазір өздеріңізге белгілі әлемде жаһандық жылыну байқалды. Дүниежүзілік агрометрологияның мәліметі бойынша осы Қазақстан өңірінде соңғы әрбір он жыл сайын ауаның температурасы 0,34 градусқа көтеріледі. Яғни, болжам бойынша 2050 жылы Қазақстанда температура 2-3 градусқа көтерілуі мүмкін. Оның бәрі осы құрғақшылыққа әсерін береді. Біріншіден, өзен, көлдердің суы тартылады, өсіп жатқан флора мен фауна дейміз олардың түрлері жойылуы мүмкін. Құрғақшылықтан құтылу мүмкін емес шығар. Оған тек қарсы тұра білуіміз керек», – деді ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор Серік Кененбаев.

Серік Кененбаевтың айтуынша, қазір ғалымдар сол табиғи шабындық шөптермен қатар жем-шөп дақылдарын да қосып, үйлестіріп, бірге егіп, лимандық жерлердің өнімділігін 3-4 есеге көтеру мүмкін екенін дәлелдеп отыр.

«Ғалым ретінде айтатыным көбіне батыс өңірінде былтыр құрғақшылық болып көптеген малдар қырылды. Енді осыны болдырмау үшін егінге құрғақшылыққа төзімді дақылдар егуіміз керек. Оның төзімді сорттары болуы керек. Сонымен қатар оны өсіру технологиясын қолдану керек. Екіншіден, жайылымдық, шабындық шөптерді дұрыс пайдалануымыз керек. Яғни, жем-шөп өндірісін көтеруіміз керек. Мысалы жем-шөп өндірісін көтерудің бір түрі – лимандық суғару. Бұрын лимандық суару тек табиғи шабындықтың шөбін пайдалану еді. Бірақ қазір ғалымдар сол табиғи шабындық шөптермен қатар жем-шөп дақылдарын да қосып, үйлестіріп, бірге егіп, лимандық жерлердің өнімділігін 3-4 есеге көтеру мүмкін екендігін дәлелдеп отыр. Яғни жем-шөп өндірісін 2-3 есеге арттыру деген сөз. Біз жем-шөпті арттырып, мал азығын дайындап құрғақшылыққа дайын боламыз деген ойдамын», – деді Ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор Серік Кененбаев.

Новости партнеров