Еліміздегі трансшекаралық Арал-Сырдария бассейніне су ресурстарының сарқылуы және ластануына байланысты гидрологиялық қатер төнуі мүмкін, деп хабарлайды Almaty.tv.
Мұндай қауіп экологиялық тұрақсыздықтың нашарлауы мен даму бағдарламаларының бұзылуына алып келеді. Бұл туралы су қауіпсіздігін қамтамасыз етудің ғылыми-қолданбалы негізін дамыту бағдарламасының зерттеу нәтижесін талқылауға арналған жиын аясында айтылды.
Ұзақмерзімді зерттеу жұмыстарын Ғылым және жоғары білім министрлігіне қарасты География және су қауіпсіздігі институты жүргізген. Жиында қорытындылар бойынша нақты қадам мен мәселенің алдын алуға байланысты ұсыныс айтылды.
– Бұл мәселеге стратегиялық тұрғыдан қарау маңызды. Дайындалған бағдарламаның бәрі ғылыми-техникалық негізде жинақталған. Зерттеулермен қатар, нәтижелер жазылған 9 монография жарық көрді. Онда да тек қорытындылармен шектелмей, шешімдер ұсынылған, – деді География және су қауіпсіздігі институты Су ресурстары зертханасының жетекшісі Айсұлу Тұрсынова.
Институт әзірлеген су қауіпсіздігі концепциясына күтілетін климаттық өзгерістер мен су ресурстарының көлемін ескере отырып, Арал-Сырдария бассейнінің жағдайына қатысты тұжырымдама енгізілген. Экономика салаларының тұрақты дамуы, сондай-ақ трансшекаралық өзендердің жоғарғы бөлігінде орналасқан көршілес елдердің су шаруашылығы саясатына да тікелей байланысты. Басқосуға Су ресурстары және ирригация министрлігінің өкілдері қатысып, туындауы мүмкін мәселелер туралы баяндамалармен танысты.
– Сырдария – трансшекаралық өзен. Бұл жерде Орта Азия мемлекеттері орналасқан. Бірлесе жұмыс атқармасақ, ешқандай нәтижеге қол жеткізбейміз. Оны бәрі біледі, түсінеді. Сол себепті тығыз байланыста жұмыс істеп жатырмыз, – деді География және су қауіпсіздігі институтының жетекші ғылыми қызметкері Амражан Таиров.
Оқи отырыңыз: Алматы қаласы бойынша 17-23 маусым аралығындағы ауа райы болжамы