Алматы жұртшылығы Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрында көрнекті қоғам қайраткері, ғалым Мұрат Әуезовпен қоштасу рәсімін өткізді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
81 жасында өмірден озған шығыстанушы, дипломатты ақтық сапарға шығарып салу үшін марқұмның туыстары мен қазақ зиялылары, министрлік пен әкімдік өкілдері жиналды. Қаралы жиында Мемлекет басшысының көңіл айту хатын Президент кеңесшісі Мәлік Отарбаев оқыды.
– Қазақстанның халықаралық дәрежедегі беделінің артуына өзінің саяси қоғамдық істерімен зор үлес қосты. Ғибратты ғұмыр кешіп, кемел де кемеңгер әке жолын лайықты жалғаған Мұрат Мұхтарұлының жарқын бейнесі мен қадірлі есімі халқымыздың жүрегінде мәңгі сақталады. Марқұмның иманы саламат, жаны жәннәтта болсын, – деді Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев.
Заңғар жазушының ұлы, асылдың сынығы ұзаққа созылған сырқаттан 81 жасында өмірден озды. Ғалым 1943 жылы 1 қаңтарда Жамбыл облысы Меркі ауылында дүниеге келген. 1965 жылы Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің Шығыс тілдері институтын филолог-шығыстанушы мамандығы бойынша аяқтаған.
– Мұратты анасының құрсағына біткен күннен бастап аялаған адам – Мұхтар Әуезов. «Алтын балам», «алтын балақай» деп әлі хат танымаған баласына талай хат жазған. Міне сол «алтын баласы» әкесінің сенімін ақтады, – деді Мемлекет және қоғам қайраткері Мұхтар Құл-Мұхаммед.
– 63 жыл бұрын, 1961 жылы Мұхтар Омарханұлы Әуезовті ақтық сапарға 1960 жылы емес, дәл бүгін шығарып салып тұрған сияқтымыз. Өйткені Мұхаңның соңынан ерген алтын тұяғы ортамыздан кетіп бара жатыр, – деді Қазақстан Жазушылар одағының басқарма төрағасы Мереке Құлкенов.
Мұрат Мұхтарұлы 1981-1990 жылдар аралығында «Қазақфильм» киностудиясында бас редактор, Қазақстан Жазушылар одағының көркем аударма және әдеби өзара байланыстар жөніндегі алқасының басшысы, Қазақстандағы «Мир» телерадиокомпаниясының көркемдік жетекшісі болып қызмет етті. 2003-2006 жылдары Ұлттық кітапхананы басқарды.
– Қазақстан Парламентінде депутат ретінде де, тәуелсіз елдің заңдарын шығаруға атсалысты. «Невада-Семей» сияқты қоғамдық қозғалыстарға да белсене үн қатып отырды, қоғамның қандай мәселесі болса да өзіндік пікірін, көзқарасын ашық айтып, азаматтық белсенділік танытып жүрді, – деді ҚР Парламенті Сенатының депутаты Нұртөре Жүсіп.
Қазақстанның Қытайдағы алғашқы елшісі болып та қызмет атқарған қайраткер «Уақыт байланыстырушы - жіп», «Қайту үшін кету» сынды монографиялардың авторы.
– Мұрат сияқты адамдардың орны еш уақытта толмайды. Оның орнына басқа адамдар келеді, бірақ Мұрат Әуезов сияқты бола алмайды, – деді Қазақстанның Еңбек Ері Дулат Исабеков.
– Әкем еркіндікті жақсы көретін. Адам бойындағы білім-ғылымға деген құштарлық, ізденіс сияқты қасиеттерді ерекше бағалайтын. Ол өмір бойы жаңашылдыққа құштар болып келді, жаңа нәрсені білгісі келіп тұратын. Қатарлас, құрдас, достарына, жастарға сол жинағанын бөлісу үшін асығатын. Мен ол кісіні қаншама адам есіне алып сағынатынын білемін. Қайғыға ортақтасқан барлық жанға алғысымды білдіремін, – деді Мұрат Әуезовтің қызы Зифа-Алуа Әуезова.
Мұрат Мұхтарұлы Райымбек даңғылының бойындағы зиратқа, әкесі Мұхтар Әуезовтің қасына жерленді. Өлмейтұғын артында із қалдырған ғылым-ғұмырдың есімі халық жадында мәңгі сақталмақ.
Рүстем Айткәрім, Мейрам Исабеков, «Алматы» телеарнасы
Оқи отырыңыз: Президент мемлекет және қоғам қайраткері Мұрат Әуезовтің отбасы мен жақындарына көңіл айтты