Бадамның балығы қырылып жатыр: Сынама нәтижесі белгілі болды ма

10.03.2021 00:59

Бейнежазба авторы су түсінің өзгеріп кеткенін айтады

Шымкенттегі Бадам өзенінде балықтар қырылып жатыр. Ал, «маринка» балықтардың нақты неден өліп жатқаны әзірге беймәлім. Тек жауын-шашын мен тасқын судың әсері болуы мүмкін деген болжам ғана бар. Нақты себебі сынама нәтижесінен кейін белгілі болмақ, деп хабарлайды Almaty.tv.

Шымкент қаласында 8 наурыз күні балықтардың қырылып жатқаны туралы видео әлеуметтік желіні шарлап кетті. Бас-аяғы екі күнде жағалауға шығып қалған балықтардың саны көп. Балық шаруашылығында 40 жылдай тәжірибесі бар Мықтыбай Қалыбай мұндайды алғаш рет көруім дейді.

«Мынау Бадам өзенінің жағасында балық қырылып жатыр дегеннен кейін келіп мынау сынамаға алып жатырмын. Лабаратория осының диагнозын шығарады. Бірақ балықтың бұлай қырылып жатқанын бірінші рет көріп отырмын. Неше жылдан бері», – деді Еңбекші ауданының мал дәрігері Мықтыбай  Қалыбай.

«Балық шаруашылығы» ғылыми өндірістік орталығының мамандары, балықтардың қырылуына жауын-шашын мен тасқын судың салдарынан судың сапасы мен температурасының өзгеруі де әсер ету мүмкін деп топшылап отыр. Оның үстіне өліп жатқан шармай, яғни маринка балықтары сезімтал және таза суда мекен еткендіктен, кез келген кері сыртқы факторларды бірден қабылдай алмайтын көрінеді.

«Су құрамындағы оттегінің жетпеуінен әртүрлі жағдай болады ғой. Соған байланысты мүмкін осындай неге әкеліп соқтыма деген кішігірім болжам бар. Одан бөлек, жалғыз маринка емес. Тау суларында мекен ететін, кәсіптік маңызы жоқ балықтың түрлері бар. Көлемі кішкентай болып өсетін. Бірақ олардың өлу факторы анықталмаған», – деді «Балық шаруашылығы ҒӨО» Арал филиалының директоры Тынысбек Барахбаев.

Бадам өзені маңындағы тұрғындар болса, мақұлықтардың дәл осылай қырылуы 10 жыл бұрын болғанын айтады. Салдарынан балықтардың саны күрт азайып кетіпті-мыс. Енді ғана саны арта бастағанда, жағымсыз жағдайдың қайталанып отырғанын мүлдем түсіне алмайды.  Тіпті, өзен суына жақындауға да шошынып қалдық дейді.

«Тексеретін адамдар болса, тексерсін. Қарайтын адамдар бар шығар. Арғы жағы бәрі саябақ қой, сол жерде балдар шомылады. Ертеңгі күні біреу ауру болады, жара пайда болады», – деді қала тұрғыны Самат Құдайберген.  

Тұрғындар қазір шала-жансар тірі балықтарды аман алып қалуға өздері кірісіп кеткен. Яғни, жағалауға шығып қалғандарын аулап, таза бұлақ суына жіберіп әлек. Ал, алынған сынаманың нәтижесі қашан дайын болатыны әзірге белгісіз.