Өткен жылы атмосфераға 144 мың тонна зиянды қалдықтар түскен
Алматы ауасының құрамындағы улы газдың жартысынан көбі автокөліктерден бөлінеді. Бұл туралы қаланың экологиялық мәселелерін талқылау бойынша онлайн кездесуде айтылды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Өткен жылы атмосфераға 144 мың тонна зиянды қалдықтар түскен. Оның 52 пайызын қаладағы транспорт құраса, 34 пайызы жылу электрстанцияларына тиесілі. Ал, қалған 14 пайызы жекелеген секторларға келіп отыр. Қала әкімі орынбасарының айтуы бойынша мегаполисте күнделікті 700 мыңдай көлік қозғалады екен.
«Негізгі ауа ластау көзі автотранспорт болып отыр. Күнделікті қалада 700 мыңға жуық көлік жүреді. Оның ішінде қалада тіркелгені 530 мың, ал қалғаны аумағынан келетін тұлпарлар. Мәселені шешу мақсатында халықаралық тәжірибеге сай ауқымды транспорттық реформа құрып жатырмыз», – деді қала әкімінің бірінші орынбасары Ерлан Қожағапанов.
Одан бөлек мегаполисте жылу бағасы қымбаттауы мүмкін. Екінші жылу электр станциясының жөндеу жұмыстарынан кейін жылу және электр тарифтері 34 пайызға өседі. Сондай-ақ, стансаның жұмысы қайта жаңғырғаннан кейін одан бөлінетін зиянды қалдықтардың көлемі 83 пайызға дейін төмендейді. Ал күкірт диоксиді сияқты улы заттардан толықтай құтыламыз дейді жауапты мамандар.
«Толықтай саралай келе, станцияны газға көшіру туралы тоқтамға келдік. Тиісініше өндіріс орнынан өрт немесе жарылыс шығу ықтималдығы өте төмен. Бұл шешімнің арқасында ауаға бөлінетін улы газдар толықтай дерлік жойылады. Мәселен, 37 тонна қалдықтың мөлшері 6 тоннаға дейін азайту мүмкіндігін аламыз», – деді «САМҰРЫҚ-ЭНЕРГО» АҚ өндіріс және активтерді басқару жөніндегі басқарушы директоры Серік Түйтебаев.