Алматыда Жаңа жылдың алғашқы күні 40-қа жуық қарағай ағашы отырғызылды

Назым Қыдырбайқызы
Фото: Азамат Қалдыбеков
Фото: Азамат Қалдыбеков
Қыста егілетін бұл қарағай ағашы бірер жылда қаламыздың сәні болмақ
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматылықтар Жаңа жылды сауапты іспен бастады. Бүгін Алатау ауданындағы саябаққа Жасыл экономика басқармасы және Алатау ауданы әкімдігінің қолдауымен 40-қа жуық қарағай ағашы отырғызылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Қыста егілетін бұл қарағай ағашы бірер жылда қаламыздың сәні болмақ. Бұл бастамаға қала тұрғындары мен қоғам белсенділері де қатысты.

«Бүгін Алатау ауданында 38 қарағай отырғыздық. Шараға Жасыл экономика басқармасы мен Алатау ауданы әкімдігі және экобелсенділер қатысты», – дейді «Табиғат» экологиялық одағы төрағасының орынбасары Тимур Елеусізов.

Күннің суығына қарамастан, мұндай игі бастаманы қолдап келгендердің қарасы қалың болды.

«Шамамен ағаш отырғызуға 60 адам атсалысты. Біздің басты мақсатымыз – ауа сапасын жақсартып, табиғатты қорғау. Бұл дүниенің бәрі балаларымыздың болашағы үшін жасалып жатқан дүние», – дейді «Табиғат» экологиялық одағы төрағасының орынбасары.

Сондай-ақ Тимур Елеусізов қазақстандықтарды Жаңа жыл мерекесімен құттықтады.

«Мен қазақстандықтарды келіп жеткен Жаңа жыл мерекесімен құттықтаймын. Әрбір адамға айтарым, еліңізді сүйіңіз! Бір мақсатқа жету үшін ешқашан кері шегінуге болмайды. Әрбір істің қайыры болады. Біздің атқарып жатқан жұмысымыздың бәрі келер ұрпаққа пайдасын тигізері сөзсіз», – деді ол.

Айта кетейік, бұл іс-шара осымен үшінші рет дәстүрлі түрде өткізіліп келеді.

Новости партнеров