«Оңтүстікте күріш егісін қысқарту қажет». Бүгін Үкімет отырысында Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев су тапшылығы мәселесін осындай жолмен шешуді ұсынды. Оның сөзінше, облыста күріш егу алаңы он мың гектарды немесе жалпы суармалы алаңның екі пайызын құрайды. Бұл ретте күріш алқаптарына облыс бойынша пайдаланылатын судың он пайызы немесе жылына 350 млн текше метр су жұмсалады. Мінбердегі мәселе жайлы толығырақ Almaty.tv тілшісі Асылбек Тойбек тарқатады.
Қазақстанда биыл ауыл шаруашылығына қажетті су тапшылығы сезілген. Экология, геология және табиғи ресурстар министрінің сөзінше, оның бірнеше себебі бар. Алматы облысында қар көлемі өткен жылдармен салыстырғанда отыз бес пайызға аз болған. Іле өзенінің ағысы екі-үш есеге баяулаған. Ал суармалы жерлердің ауданы керісінше 2019 жылмен салыстырғанда он бір пайызға ұлғайыпты.
«Мақтарал ауданында төрт мың гектар жерде күріш өсірілгенін айта кеткім келеді. Егер де осыны қысқартқан жағдайда, 158 миллион куб метр су үнемделеді. Тиісінше, осы үнемделген судың есебінен он үш мың гектар ылғалды аз қажет ететін дақылдарды суаруға болады. Қызылорда облысы бойынша суармалы жерлердің ауданы 251 мың гектарды құрайды... Жалпы облыс бойынша ағын суға қатысты өте күрделі жағдай байқалды», – деді ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев.
Сонымен қатар, жауапты министрлік су тапшылығын болдырмау мақсатында ел бойынша күріш егісін 29 мың гектарға азайту керек деп отыр. Ал өз кезегінде Ауыл шаруашылығы министрлігі проблеманың барын жасырмады. Қанша гектар егуге болатыны туралы белгіленген межені әкімдіктер сақтамағанын алға тартты.
«Бұл ретте Қызылорда облысында күріш алаңын қысқарту жөніндегі көрсеткіш орындалмағанын атап өткен жөн. Мәселен, меморандумға сәйкес Қызылорда облысында 2020 жылы 75 мың гектарды құрауы тиіс еді, алайда нақты егіс алаңы 89 мың гектарды құрады, яғни индикативтік көрсеткіштердің жыл сайынғы артуы 14 мың гектардан асады. Осыған ұқсас жағдай Алматы мен Түркістан облыстарында да орын алуда», – деді ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров.
Түйткілдің түйінін тарқату үшін су үнемдеу технологияларына көшуіміз керек деді ауыл шаруашылығы министрі. Бұл ретте Павлодар, Қарағанды, Ақмола облыстарында ылғал үнемдеу технологияларын пайдалану пайызы жоғары екенін атап өтті. Министрдің мәліметінше, жаңа Су ресурстарын басқарудың 2030 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасы аясында су үнемдеу технологиялары қолданылатын алаңды 750 мың гектарға дейін жеткізу көзделіп отыр.
Асылбек Тойбек, «Алматы» арнасы