Алматыда күн ыстықта құрғақ шөптің жану деректері жиіледі. Осылай деп дабыл қаққан төтеншеліктер бүгін орталық коммуникация алаңында брифинг өткізді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Айта кетейік, жыл басынан бері қала аумағында көлемі 35 гектардан астам аумақтағы қураған шөп пен қоқыс өртке оранған. Барлығы, ресми 285 жану дерегі тіркелді. Тек, наурыз айында бір күнде 21 өрт болған. Оның ішінде ең ірі дерек Думан және Қайрат ықшамаудандарында орын алыпты. Қос аудандағы қызыл жалын 3 гектар аумақты қамтыған. Мұндай деректер басқа да аудандарда да орын алды.
«20 шілдеде күндізгі уақытта Алатау ауданының «Томирис» шағын ауданында жанған құрғақ шөп 5000 шаршы метр алаңды қамтып, тұрғын үйлерге таралу қаупі туындады. Өртті сөндіруге 25 өрт сөндіруші және 5 бірлік техника жұмылдырылды. Дәл осы күні Медеу ауданының Құлжа трактіндегі жанған құрғақ шөптің жалпы аумағы 1200 шаршы метрді құрады, 21 шілдеде өрт сөндірушілер Алатау және Наурызбай аудандарында жалпы аумағы 600 шаршы метрден асатын үш өрттің алдын алды», – деді қалалық Төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары Арман Байгелов.
Төтеншеліктер аудандық әкімдіктермен бірлесіп, тұрғын үй массивтеріндегі құрғақ шөпті шауып, тазалауға кіріскен. Қаланың 6 ауданында 62 шақырым жол мен жеке секторда жырту және 57 гектар аумақтағы құрғақ шөп шабылды. Бұл алдын-алу жұмыстары алда келе жатқан тамыз айындағы қауіпті кезеңге дайындық дейді мамандар. Кейде құрғақ шөпті әдейі жағатындар бар. Халықты олай жасамауға үндеді мамандар.
«Осыған байланысты ТЖ Департаменті оңтүстік астананың тұрғындары мен қала қонақтарын құрғақ және ыстық ауа райын ескере отырып, қураған шөптерге темекі қалдықтарын тастамауға, құрғақ өсімдіктердің жанында от жақпауға, от тұтанып кету қаупі бар сынған шынылар мен бос құтыларды қалдырмауға шақырады. Ауыр шығын орын алған жағдайда кінәлі адамдар әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке тартылатын болады», – деді қалалық Төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары Арман Байгелов.