Аралды құтқару жөніндегі келесі жиын Қазақстанда өтуі мүмкін
Аралды құтқару жөніндегі келесі жиын Қазақстанда өтуі мүмкін. Тәжікстандағы кеңес отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев осындай ұсыныс айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.
Қор қызметінің жұмысын жандандыру үшін еліміз бар күш-жігерін жұмсауға дайын екенін жеткізді. Орталық Азия елдері басшылары бас қосқан жиында жаһандық климаттық өзгерістер, су тапшылығы мәселелері сараланды. Сөз алған Мемлекет басшысы Орталық Азияның су-энергетика ресурстарын тиімді пайдалану үшін ұзақ мерзімді әрі орнықты аймақтық ынтымақтастық механизмін құру қажеттігін атап өтті. Мұнымен қоса, Арал теңізі бассейніне бірыңғай автоматтандырылған жүйе енгізу керек. Сол арқылы алып айдыннан алыған су ресурстарын есепке алып отыру, мониторинг жасау, басқару процестері іске асырылмақ. Бұл бастама аймақтағы суды пайдаланудың ашықтығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Тәжікстанда өткен саммит қорытындысы бойынша 4 құжатқа қол қойылды. Енді Орталық Азия елдері жаһанды алаңдатқан су тапшылығы мәселесін бірлесіп шешуге күш салады.
– Біздің бүгінгі кездесуіміздің символдық мәні зор. Биыл Халықаралық Аралды құтқару қорының құрылғанына 30 жыл толды. Қор құрылғаннан бергі уақыт аралығында трансшекаралық су ресурстарын бірлесіп пайдалану, Арал теңізі бассейніндегі экологиялық және әлеуметтік-экономикалық проблемаларды шешу мәселелері бойынша аймақтық ынтымақтастықтың маңызды институтына айналды. Орталық Азияның қауіпсіздігін, тұрақтылығын және орнықты дамуын қамтамасыз ету ісінде қор зор рөл атқарады, – деді ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Оқи отырыңыз: Тоқаев Оралхан Бөкейдің 80 жылдығына арналған конференция қатысушыларын құттықтады