|
30.01.2023 | 20:09
3438

Киіктерді тәлімбақта өсірудің қандай пайдасы бар

Экология министрлігі киіктерді ғылыми мақсатқа пайдалануды көздеп отыр

Киіктерді тәлімбақта өсірудің қандай пайдасы бар Фото: gov.kz

Экология министрлігі киіктерді ғылыми мақсатқа пайдалануды көздеп отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Өткен жылы киік мәселесі қоғамда біраз талқыға түскен еді. Шаруаларға зиян тигізген соң 80 мың ақбөкенді ату жоспарланған. Кейін асығыс шешім сынға қалып, тоқтатылды. Енді министрлік киік популяциясын реттеудің жаңа әдісіне көшті. Орман шаруашылығы және жануарлар әлемі комитетінің мамандары оларды ғылыми мақсатқа пайдаланбақ. Яғни, осы көктемде 1815 бас киіктің лағы тәлімбақта өсіріледі. Осылайша оларды үй хайуанаты ретінде қолға үйретіп, тірідей зерттеу жұмыстарын жүргізу көзделген.

«Киікті асыраудағы мақсат – ғылыми зерттеу жұмысын жүргізу. Көктемде қазір жоспарланып отырған киіктердің лағын алады. Оны тәлімбаққа апарып, сол жерде өсіреді. осы уақыт аралығында зерттеу жұмысын жүргізеді. Тамақтандырып,  керекті анализін алады», – деді ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі комитетінің бас сарапшысы Асқар Әбдірахманов.

Министрлік өкілі киіктерді тәлімбақта ұстаудың негізгі себебі пастереллёз індетінің алдын алу дейді. Бұл ауру сайын дала сұлуларында әр 6-7 жылда қайталанып тұрады екен. Соңғы рет 8 жыл бұрын ақбөкендердің 90 пайызы қырылып қалған. Жағдай тағы қайталанбас үшін жоғарыдағы әдіс қолданылмақ. Ал профессор Мұрат Нұрышев әлемде киік етіне деген сұраныс жоғары, сондықтан мүйізінен бастап тұяғына дейін өңдеп, кәдеге жарату керегін айтады.

«Шетелде киік етін сатып алғысы келетіндер көп. Өйткені ол өте пайдалы. Киіктің мүйізінен бастап, тұяғына дейін өңделуі керек. Ол үшін мамандандырылған ет комбинаты болуы қажет. Өйткені олардың ауруы өзгеше, оны анықтау қажет. Сондықтан бізде мамандандырылған желі, қайта өңдеу жүйесі болуы керек», – деді  «Астана» халықаралық университетінің профессоры Мұрат Нұрышев.

Киік популяциясын ғылыми деңгейде зерттеу үшін Жәңгір хан атындағы агротехникалық университетіндегі тәлімбақ пайданылады. Министрліктегілер 3 жылдық жоспарлы жобаға 750 млн теңге қажеттігін айтты. Қолға үйрету жұмыстары үш популяция бойынша жүргізілмек. Бұл шаруа Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Қарағанды, Ақмола, Қостанай облысын қамтиды.

Кәмшат Мұхамеджан, Данияр Омар, «Алматы» телеарнасы, Астана

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир