|
29.07.2020 | 18:06
2640

Нұр-Сұлтанда полиэтилен пакеттерінен жасалған экологиялық инсталляция пайда болды

Туындының авторы – алматылық суретші Сәуле Сүлейменова

Нұр-Сұлтанда полиэтилен пакеттерінен жасалған экологиялық инсталляция пайда болды Аlmaty.tv

Нұр-Сұлтан қаласында полиэтилен пакеттерінен жасалған экологиялық инсталляция пайда болды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Туындының авторы – алматылық суретші Сәуле Сүлейменова. Жетісу саябағында орнатылған арт-нысан полителен қалдықтарынан құрастырылған. Бұл жұмысты ұйымдастыру үшін Қазақстанның экологиялық ұйымдары қауымдастығы қала тұрғындары және қонақтарымен бірігіп полиэтилен пакеттерін жинаған. Акция қаланың үш саябағында  күні бойы өткізіліп, нәтижесінде  5000-нан астам пакет жиналған. Суретші Сәуле Сүлейменова пакеттерден өнер туындысын жасай отырып, азаматтарды экологиялық мәселелер туралы ойлануға әрі пластиктен барынша бас тартуға шақырады.  

«Біз инсталляцияны жасау үшін 3 күн бойы 12-14 сағат жұмыс істедік. Бұл жұмыс адамдар, қала және дала туралы. Өкінішке қарай, қоқыс көбеюде және біз оны қайта өңдей алмай жатырмыз. Даламыздың қоқысқа оранғанын көріп, халықты осындай туынды арқылы экологиялық мәдениетке шақырғым келді. Бұл арт-нысанда ешқандай бояу жоқ. Пластик пакеттерден ашық аспан астындағы қоқыс шашылған елорданы салып шықтым», – деді суретші Сәуле Сүлейменова.

Айта кетейік, бұл акция елімізде басталған «Stopқоқыс» әлеуметтік жобасы аясында ұйымдастырылды. Сондай-ақ, халықаралық полиэтилен пакеттерінен бас тарту күніне орайластырылған. Бүгінде Қазақстанда қалдықтар мәселесі шешімін таппаған өзекті мәселелердің бірі болып отыр, дейді мамандар.

«Елімізде көптеген стихиялық қоқыстар бар. Экология министрінің мәліметінше, былтырдың өзінде 9 мыңнан астам қоқыс орындары анықталған... Одан бөлек әр қалада республика бойынша 5 миллионға жуық тұрмыстық қатты қалдықтар пайда болады. Соның ішінде 15 пайызы ғана қайта өңделеді. Қалғандары, өкінішке қарай, полигондарда көміліп жатыр», – деді Қазақстанның экологиялық ұйымдар қауымдастығы басқарма төрағасының орынбасары Елдос Абақанов.

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир