Қазір карантин мен өрттің қауіпті кезеңіне байланысты ғана уақытша шектеу қойылған
Алматыда экологтар Үлкен Алматы көліне жеке темір тұлпар кіргізуге тыйым салуды сұрайды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Қазір карантин мен өрттің қауіпті кезеңіне байланысты ғана уақытша шектеу қойылған дейді. Тыйымды заңмен бекітсе деген игі тілектері бар. Өйткені көліктің даусынан Іле Алатау ұлттық паркінде мекен ететін жабайы аң-құс үркитін көрінеді. Оған қоса, сенбі-жексенбі күндері көрікті жерге халық көп келетіндіктен, экологияны ластайды деп отыр.
«Демалуға келгендер көп жағдайда өз арттарынан қоқысты жинамай тастап кетеді. Байқасаңыздар, қоқысты теріп жүргендердің санынан гөрі, шашатындары көп. Сондықтан жеке көлікті кіргізбеу керек деп санаймын. Негізі қоқыс әр жерде шашылып жататындықтан, шығару қиындық туғызады. Көрікті жердің көркін бәз баяғы қалпында сақтаймыз десек, идеяны жүзеге асыру керек сияқты», – деді эколог Тимур Елеусізов.
Экологтар Медеу мен Шымбұлақ тау-шаңғы курорты тәжірибесі негізінде эко такси қызметін іске қосуды ұсынды. Қазірдің өзінде олардың бастамасын бірнеше кәсіпкер қолдаған. Бүгінде электр энергиясымен жүретін қос көлігі дайын.
«Осы карантин кезінде біз құрған фото қақпандарға көптеген жабайы жануарлар түсіп жатыр. Мұнда ауа айтарлықтай жақсарып қалды. Экожүйе бұзылмай, жануарлардың көбейіп жатқаны да байқалды. Бұл көліктің және де басқа да шулы дыбыстардың болмауынан деп топшылаймыз», – деді экологиялық қордың төрағасы Герман Чащин.