82 жасар қызылордалық бағбан 2 миллионнан астам ағаш өсірген

Almaty.tv
Almaty.tv
Ол сәндік өсімдіктермен қатар, жеміс ағашының 15-ке жуық түрі өсіріп келеді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

82 жастағы қызылордалық қария әлі күнге дейін бағбандықпен айналысып, тіршіліктің түрленуіне өлшеусіз үлес қосып келеді. Табиғат жанашыры атанған ақсақал 12 жасынан бері 2 миллионнан астам тал көшеттерін отырғызып, мол сауапқа кенелген, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі. 

Қызылордада қысы-жазы жел ұйытқып тұрады, ауасы құрғақ, топырағы тұзды. Сондықтан «Сыр бойында қара ағаштан басқа тал өспейді» деген түсінік қалыптасқан. Бірақ Бектай ақсақалдың бағына келсеңіз, бұл ойдың бекер екеніне бек сенесіз. Мұнда өңірге таңсық қылқан жапырақты ағаштардың түр-түрі бар. Тіпті, тек тау басында кезігетін жасыл аршаның өзі жайқалып өсіп тұр. Білікті бағбан бабын тапсаң, барлық ағаш түрін өсіруге болатынын айтты.

«Барлық ағаш өседі. Мысалға, арша бұрын өмпейтін. Мен осы жерге келгелі 10-11 жыл болды, аршаны көрсетіп жатырмын. Қарағай өспейді деген, қарағай жайқалып өсіп тұр.  «Қызылордада ағаш еккенмен өліп қалады» деген нағыз жалқау адамның сөзі. «Еңбек етсең емерсің» деген», – деді бағбан Бектай Сүлейменов.

Табиғат жанашыры қазір 82 жаста. Тіршілікпен етене болғандықтан әлі тың. 5 гектар аумақтың шаруасын бір өзі дөңгелетіп отыр. Мұнда сәндік өсімдіктермен қатар, жеміс ағашының 15-ке жуық түрі бар. Жиі тәжірибе жасаудың арқасында бағбан тек жылы жақта өсетін анар ағашын да осында жерсіндірген екен. Дәрігүл әже болса, Бектай ақсақалдың баптаған өнімін суыққа қалдырмай жинап алудың қамымен жүреді. Оның айтуынша,  Айва жемісінен шырын жасасаң, дәмі бал татиды.

«Үйге іліп қойса, иісі жақсы. Компот, тосапжасауға болады. Өзбектер палауға салады. Қыстың қаражатын осы жерден жинаймыз. Бірақ көпшілік мұндай еңбектен қашады. Жазда жақсылап қарасаң, күзде тамағың тоқ болады. Жинап аласың, балаларың да, өзің де риза», – деді зейнеткер Дәрігүл Әбуова.

Бақ іші түрлі түске боялған. Ағаштар күз күртесін киіп жатыр. Ал қазыналы қария жолдасымен бірге жеміс ағаштарының бабын келтіріп әлек. Жып-жылы көрініске сырттай қарап сүйсіндік. Жалпы, Бектай ақсақалдың бағбандықты жанына серік еткеніне 70 жылдан асыпты. Ол осы уақыт ішінде 2 миллионнан астам тал көшеттерін отырғызып, мол сауапқа кенелген.

«Есімді білгелі ағаш егіп келе жатырмын.  1990 жылдан бері 32 жыл бойы шаруашылықпен айналысып келемін. Жұмыс істеп жатырмын. Қызылорда өсіп тұрған ағаштардың 60 пайызын мен өсірдім. Түрлі ағаштың тұқымын егеміз. Теректің 3-4 түрі, жәй ағаш, арша, жергілікті қарағаш бар. Барлығын қосқанда 20-ға жуық түрі бар. Бойы 1,5-2 метр болған кезде қопарып алып, жұртқа бере бастаймыз», – деді бағбан Бектай Сүлейменов.

Сексеннің сеңгіріне шыққан қария шаруаның бәрін өз қолымен баптайды. Бағбан жасыл желекті насос қондырғысы арқылы суарады екен. Соның өзінде айнала гүл жайнап тұр. Осылай басталған әрбір іс берекелі әрі оның соңы жемісті болатынына күмін жоқ.

Азамат Әуезхан, Елжас Әбділда, Төрехан Қожахметов, «Алматы» телеарнасы, Қызылордадан

Новости партнеров