Cоңғы 5 жылда айтарлықтай тартылған
Қарт Каспийден де қуат кетіп барады. Ірілі-ұсақты 130 өзен құятын теңіз соңғы 5 жылда айтарлықтай тартылған. Ғалымдар жылдан жылға суы азайып бара жатқан Каспийдің мүшкіл халін жақсарту керек деп дабыл қағуда, деп хабарлайды Almaty.tv.
Жыл жылжыған сайын Каспийдің табаны құмға, жиегі қайраңға айналып барады. Жағалауы суалып, түбіндегі тастары шығып жатыр. Мамандардың айтуынша, бұл үрдіс 2006 жылы басталыпты. 2020 жылға дейінгі талдау бойынша, төмендеу деңгейі 133 см-ге жеткен. Қазір көрсеткіш 140-тан асып барады. Жағалаудың өзі соңғы 15 жылда 22 мың шаршы метр шақырымға қысқарыпты.
«Каспий теңізі соңғы 15 жылда жауын-шашынның аз мөлшерде түсуі мен булану процесінің қарқынды дамуы және Еділ өзенінің суының аз мөлшерінің келуіне байланысты теңіз деңгейінің төмендеуі қарқынды жүріп жатыр. 2021 жылы орташа деңгейі -28,43 БЖ бойынша», – деді «Қазгидромет» РМК Каспий теңізінің гидрометеорологиялық зерттеулер басқармасының жетекші ғылыми қызметкері Айзат Елтай.
«Таязданудың бір себебі теңіздің де, оның бассейнінің де су балансы сипаттамаларының өзгеруімен байланысты» дейді маман. Бассейндегі климаттың өзгеруі ағынның азаюына алып келеді екен. Каспийге құятын Еділ, Жайық, Кавказ өзенінің барлығы жол-жөнекей тоқтаусыз тұтынылып жатыр. Министрліктің ақпарынша, қазір теңіз тазалығын сақтау үшін кешенді шаралар қолға алыныпты.
«Қазір Каспий теңізі мәселесін жан-жақты қарастыру керек. Біріншісі, ол мұнай компаниялары бойынша. Қазір Каспий теңізін қоса алғанда, жерүсті нысандарына сарқынды суларды және қалдықтарды нөлдік ағызу саясатына сәйкес операция жасайды», – деді ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі қоғаммен байланыс департаментінің директоры Олжас Беркінбаев.
Ал эколог Айжан Ысқақованың айтуынша, қарт Каспий Аралдың тағдырын қайталауы мүмкін. Оның айтуынша, теңіз деңгейінің төмендеуі оның экожүйесі үшін қатерлі. Бұл өзгеріс Каспийдің қазақстандық бөлігіндегі жағалау белдеуінің өзгеруіне алып келеді екен. Процесс осылай жалғаса берсе, алдағы 30 жылда суалу қаупі басым екендігін жеткізді.
«Теңіздің тартылуы өз алдына, қазір ластану қарқыны үдеп барады. Оған аумақтағы өндірістің дамуы себеп. Бұл экологиялық жағынан аса қауіпті әрі күрделі мәселе болып отыр. Бұған дейін әзірленген шаралар нәтиже беру үшін қайта пысықталуы керек», – деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Айжан Ысқақова
Теңіздің ластануы да қазір өзекті. Мәселені шешу үшін Экология министрлігі Ресей тарапымен келіссөз жүргізіпті. Каспийді аман алып қалуды көздеген қос тараптың ортақ шешімі – Жол картасын бекітті. Бағдарлама шеңберінде өзен бассейнін ластау көздерін түгендеу, анықтау шаруалары атқарылмақ. Қазақстан мен Ресей аумағында трансшекаралық Жайық өзенінің бассейнін қалыпқа келтіру де көзделген. Бірлескен бастама ендігі 5 жылдықта өз нәтижесін беруі тиіс.
Кәмшат Мұхамеджан, Данияр Омар, Ринат Өтеев, «Алматы» телеарнасы, Астанадан