Атырау облысындағы Каспийдің шекарасы шамамен, 20 шақырымға тартылып қалған. Ал Жайықтың деңгейі 2019 жылы тарихи минимумға түскен болатын, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Бақылаушылардың айтуынша, бұл – табиғи цикл. Ал Жайық өзені Каспий теңізіне құятын судың 15 пайызын ғана құрап тұр. Демек, Жайық пен Каспийдегі су деңгейінің төмендеуі бір-бірімен байланысты емес дейді мамандар.
«Қазақстан тарапынан алғанда, Жайық өзенінен Каспийдің су деңгейінің 15-ақ пайызына көмек бере алады. Ал қалған 85 пайызына дейінгі судың деңгейін Еділ өзені береді. Жайық өзенінен су алуға қатысты белгіленген лимит Атырау облысы бойынша 325 миллион м³ шамасында. Бұл барлық өндірістік, ауыл шаруашылық суын, ауыз суды қосып есептегенде шыққа көлем. Нақты алынып жатқан судың көлемі бұдан едәуір төмен», – деді Жайық-Каспий бассейндік инспекциясының басшысы Ғалидолла Азидуллин.
Жайық өзенінің су деңгейі 2019 жылы 3,5 млрд метр кубқа төмендепті. Ғалымдар бұл процесс 2023 жылға дейін жалғасады деп отыр. Жауаптылардың айтуынша, өзендегі су ағысы азаюының алдын алу жұмыстары жүріп жатыр. Тіпті, Ресей Федерациясымен 1996 жылғы бекітілген келісім негізіндегі шаралар жалғасып жатқан көрінеді. Хаттамалық келісімде жіберілетін су деңгейі 2 800 миллиард куб метрді артығымен атқарып отыр.