Алматыда көліктерден шығатын залалды зат көлемі 10 мың тоннаға азайды. Бұл туралы мегаполис әкімі 16 маусымда «Алматы» арнасындағы Akimat LIVE бағдарламасының тікелей эфирінде айтты. Бақытжан Сағынтаев қаланың экологиялық жағдайы әкімдік жұмысындағы басты бағыттардың бірі екенін атап өтті, деп хабарлайды Almaty.tv.
Әкімнің айтуынша, өткен жылы қала кәсіпорындарының шектелген жұмыс режимі есебінен залалды заттар азайған. Жалпы залалды заттар көлемі 122 мың тоннаны құрады, бұл 2019 жылмен салыстырғанда 3 мың тоннаға аз.
Автокөліктерден шығатын залалды заттар 10 мың тоннаға азайды, ал керісінше стационарлық көздерден шығатындар 7 мың тоннаға өсті.
Қаладағы жеке тұрғын үйлерді газға көшіру жалғасуда. Алматының үйлерінің 99%-ы қазірдің өзінде газға қосылған. Әкімдік мұқтаж отбасыларды қолдау бағдарламасын іске асыруда. 2020 жылы 92 үй газға тегін қосылды.
Дизельмен және бензинмен жүретін қоғамдық көлікті сатып алуға тыйым салу оң ықпалын тигізді. Қолданыстағы барлық келісімшарттар тек газбен жүретін автобустарды жеткізуге бағытталған.
Қоғамдық көлік жүйесінде 2441 автобус жұмыс істейді, оның ішінде 1715 автобус (75%) дизельді отынмен жүреді. 2020 жылы газбен жүретін 150 автобус сатып алынды. 2021 жылы газ бен электр энергиясын пайдаланатын 500-ге жуық қоғамдық көлік құралдарын сатып алу жоспарлануда.
Бұдан өзге, әкім Б. Сағынтаевтың айтуынша, Алматыда қалаға кіре берісте көліктерді тоқтататын тұрақ желісі құрылады, сонымен қатар қалалық қоғамдық көліктердің тармақтарын кеңейту жұмыстары жалғасады.
Биыл қалаға кіре беріс жерлерге 19 экологиялық пост орнату жұмыстары жүргізілуде. Бүгінде 9 экопост ашылды, қалған 10 пост ағымдағы жылдың күзіне дейін кезең-кезеңімен орнатылады. Екі айлық тексерулер қалаларға кіретін көліктердің 11%-ы мен 12,6%-ы экологиялық нормаларға сәйкес келмейтінін көрсетті. Көктемде қалада жүретін жүк көліктері өлшенді. Олардан шығатын залалды заттардың 29%-ы нормаға сәйкес келмейді.
Әкімнің айтуынша, өмір сүруге жайлы қаланы қалыптастыру үшін Алматыда жел режимін зерттеу басталды. Зерттеу нәтижелері бойынша жан-жақты жоспарлау және басқа да архитектуралық-қала құрылысы шешімдерінің жоспары әзірленеді.
Зерттеулерде жел режимін, оның тәулік немесе жыл маусымына байланысты өзгеруіне кешенді баға беріледі. Сонымен бірге ауаны ластайтын көздер зерттеледі.
«Бұл жұмыс математикалық есептеулер және нақтылы деректер арқылы бүкіл қала бойынша, әкімшілік аудандар мен нысандардың ауа ағындарына талдау жасайды. Сондай-ақ, бұл қала маңындағы желдің екпініне және оның қаланың ауа сапасына әсерін бағалайды», – деп атап өтті Б. Сағынтаев.
Алматыда қала тұрғындарын мегаполистің әртүрлі бөліктеріндегі ауа сапасы туралы хабардар ететін жоба іске асты. Ақпарат қаланың 49 LED-экранындағы 41 датчиктен, сондай-ақ «Алматы» телеарнасынан алынады. Деректер күніне үш рет жаңартылады.
Әкім Бақытжан Сағынтаев биылғы жыл ауаны бақылайтын қосымша 60 датчикті орнату жоспарланғанын хабарлады. Барлық деректер ақпаратты жинауға, талдауға және өңдеуге арналған ГАЖ жүйесінде көрсетіледі. Осылайша, қоршаған орта сапасының ықтимал болжамы үшін мәліметтер базасы құрылады
Бұдан өзге, AirVision қоғамдық қорымен және бастамашыл азаматтармен бірге ауаның ластануының онлайн-картасын қамтитын веб-портал және мобильді қосымша әзірленуде. AQI индексі ғаламдық желідегі ауаның жағдайын салыстыру үшін ғаламдық әдістеме бойынша есептелетін болады.