Алматыда бір аптаның ішінде Әлеуметтік қызмет көрсету үйіне 3 мыңға жуық қала тұрғыны жүгінген

Almaty.tv
Almaty.tv
Халыққа қызмет көрсету әлдеқайда қолжетімді бола түстi
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда бір аптаның ішінде Әлеуметтік қызмет көрсету үйіне 3 мыңға жуық қала тұрғыны жүгінген. Осылайша «бір терезе» қағидаты бойынша жұмысын бастаған орталық қызметкерлері тұрғындарға жылдам әрі сапалы қызмет көрсетіп келеді. Өткен жылы қайта жөндеуден өткен 5 қабатты ғимарат ішінде 700-ден астам мемлекеттік қызметті алуға мүмкіндік бар. Тақырыпты Almaty.tv тілшісі Ұлағат Арғын жалғайды.

Халыққа қызмет көрсету әлдеқайда қолжетімді бола түстi. Енді алматылықтар қағаз бастылық пен жауапты мамандардың кабинетіне сабылмай бір нысан ішінен бар шаруасын бітіре алады. 5 қабатты ғимараттың біріншісінде халыққа қызмет көрсету мамандары отырады. Мұнда тұрғындар электронды цифрлық қолтаңба мен онлайн форматта өтініш қалдыру секілді жұмыстарды өз бетімен істей алады. Ал, екінші қабатта екі қолға бір күрек іздеп жүргендерге мамандар кеңес береді. Үшінші қабатта әлеуметтік әл-ауқат, тұрғын үй саясаты басқармаларының өкілдері бар.  

Орталықта балаларға арналған алаң да бар. Ата-аналар өз бүлдіршіндерін осында қалдырып, шаруасын алаңдамай, еркін аяқтауына мүмкіндік бар. Мына жерде тамақтанатын орын да қарастырлған. Ал, тұрғындарға қызмет көрсету кезегі толығымен автоматтандырлған. Қандай да бір басқармаға мәселесімен келген қалалықтар қабылдауға алдын-ала жазылмай-ақ, осы жерден талон алып, кезегін күте алады.

Мүмкіндігі шектеулі тұлғалардың еш кедергісіз кірулері үшін ғимарат көтергіш құрылғысымен жабдықталған.

«Әлеуметтік қызметтер үйіне 2700-ден астам адам жүгінген. Оның ішінде  жұмысқа орналасуға 1700 адамай, 271 адам тұрғын үй мәселесі бойынша кезекке тұру, 69 адам адам «Бастау бизнес» бойынша оқуға жазылды. Сонымен қатар, 45 санат бойынша қызметтер көрсетіліп жатыр», – деді қалалық әлеуметтік әл-ауқат басқармасының бас маманы Назым Смағұлова.

Орташа есеппен күніне 500-ге жуық тұрғынға мемлекеттік қызмет көрсетіледі. Орталық ашылғалы бері алматылықтар арасында тұрғын үйге қатысты мәселесін айтып келгендер көп болыпты.

«Орталықта «Отбасы банк» қызметкерлері де орналасқан. Алысқа бармай-ақ осының ішінде мемлекеттік бағдарламалар туралы да білуге болады, пайыздары бойынша кеңес алуға болады», – деді қалалық Тұрғын үй саясаты басқармасының бөлім басшысы Ғалымжан Әбдішүкірұлы.

Жұмыс күндері түрлі саланың басқарма басшылары мен орынбасарлары тұрғындарды жеке-жеке қабылдап, мәселесін тыңдайды. Бұл билік пен бұқара арасындағы алшақтықты жоюға үлкен мүмкіндік дейді ұйымдастырушылар.

«Бәрі сәтті өтті тамаша, қыздардың да адамдарға қызмет көрсетуі жоғары деңгейді. Барлық автобуста осында келеді, өте жақсы», – деді қала тұрғыны Нұрзия Жақсыбекова.

«Тұрғын үй, келісімшарт соны алуға келдік. Жақсы, қыздар кезексіз, жылдап қабылдады, рақмет», – деді қала тұрғыны Айкөркем Бақытқызы.

Мол мүмкіндіктерге толы әлеуметтік қызмет көрсету үйі Достық даңғылындағы 85-үйде орналасқан. Орталыққа 141, 57, 65 бағыттағы автобустар мен 25 және 19 тролейбустар тікелей апарады. Жанында метроның «Абай» бекеті бар. Әлеуметтік нысан таңғы 09.00-дан кешкі 18.00-ға дейін жұмыс істейді.

Ұлағат Арғын, Мейрам Исабеков, «Алматы» арнасы

Новости партнеров