Бүгін Халықаралық жастар күні. Ұлттық экономика министрлігіне қарасты Статистика комитетінің мәліметінше еліміздегі халықтың 20 пайыздан астамы жастар. Бүгінде олардың пікірін қолдап, сөзін сөйлейтін ұйымдар көптеп жұмыс істеп жатыр. Соған байланысты қала еріктілері қоғамға пайдалы игі істерді қолға алды, деп хабарлайды Almaty.tv
Бүгін «Жас Отан» жастар қанатының еріктілері мерекеге байланысты Сайран су қоймасында плоггинг өткізді. Яғни, волонтерлер топ-топқа бөлініп, сайыс түрінде жерді қоқыстан тазартты. Кейін көзге түскен жастарға сыйлықтар беріліп, кітаптар табыс етілді. Айта кетейік, акцияның негізгі мақсаты қаладағы экологиялық мәселені көтеріп, жастардың ұйымшылдығын арттыру.
«Қаланың ластануы және қоқыстардан тазарту мақсатында акцияны ұйымдастырып отырмыз. Бұл акцияның ерекшелігі жай ғана сенбілік емес плоггинг. Көпшілігі түсіне бермеуі мүмкін. Яғни жастардың бірігіп командаларға бөлініп, қоқысты жүгіріп жүріп жинау», – деді қалалық Jas Otan жастар қанаты төрағасының орынбасары Әкежан Кеңесов.
Одан бөлек еріктілер мен блогерлер «Жастар есірткіге қарсы» жобасы аясында Жетісу ауданында тексеріс жүргізіп, синтетикалық препараттарды дәріптейтін жарнамаларды өшірді.
«Синтетикалық заттар біздің ұрпағымызды улап, болашағымызға балта шабады. Сол себепті де қала тұрғындарынан өтінерім есірткі жарнамаларын көрген жағдайда жай өтіп кетпей, өшіріп кетіңіздер. Солай ғана қауіпті кеселдің алдын аламыз», – деді блогер Василий Курилов.
Айта кетейік, Жас отан құрамында 105 мыңнан астам еріктісі бар еліміздегі ең үлкен ұйым. Жастардың белсенділігін арттыру мақсатында жыл сайын 100 ден астам шара өткізіп, жобаларды жүзеге асырады. Ал, қоғамдық саясат институты жүргізген сауалнамаға сәйкес қазақстандық жастардың 98 пайызы өздерін бақытты санайды екен.
Мерей Қанапиянов, Арсен Сандыбаев, «Алматы» телеарнасы