Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев қазақтың көрнекті ақыны Олжас Сүлейменовті «Шараф» орденімен марапаттады, деп хабарлайды Almatyt.tv тілшісі Almaty-aksham.kz-ке сілтеме жасап.
Президент Ильхам Әлиев Олжас Сүлейменовті Әзербайжан халқының үлкен досы, бауырлас Қазақстан мәдениетінің ірі өкілі, қоғам қайраткері ретінде білетінін атап өткен. Ақынның барлық мәселеде өзінің принципті ұстанымын білдіріп, Әзербайжанға әрқашан қолдау көрсеткенін баса жеткізген. Ол сондай -ақ, Олжас Сүлейменовтің Әзербайжан мен Армения арасындағы шиеленісті шешуде де әрқашан қолдау көрсеткенін айтқан.
Ильхам Әлиев көрнекті ақын ең қиын кездерде де өз тамырына, халқына адал болғанын және Қазақстанның табысты дамуы үшін бәрін жасағанын атап өткен.
Бұл ретте Әзербайжан президенті Олжас Сүлейменов пен Гейдар Әлиев арасындағы достық қарым-қатынас пен кездесулерді еске түсіріп, Олжас Сүлейменовті таланты мен қоғамдық белсенділігі үшін құрметтейтінін де жеткізді.
Ал, өз кезегінде белгілі ақынымыз, түркі әлемі елдерін шоғырландыру, түркітілдес мемлекеттер арасындағы ынтымақтастықты нығайтуда күш-жігерін жұмсап жүрген көрнекті тұлға Олжас Сүлейменов әзірбайжандық «Шараф» орденімен марапатталғанын мақтан тұтатынын атап өтіп, Ильхам Әлиевке ризашылығын білдірді.