Алматыда қазақ даласының жауһары, гүлдің патшасы саналатын қызғалдақты дәріптеуге арналған «Қызғалдақтар» фестивалі өтті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Оған табиғатты кескіндеген қылқалам шеберлері мен фотографтар және жас ақындар қатысып, соңы мерекелік концертке ұласты. Мақсаты – қала тұрғындарын қоршаған ортаны аялауға, қорғауға шақыру. Орталық мәдениет және демалыс саябағында ұйымдастырылған іс-шараның ерекшелігі тірі гүлдер болған жоқ. Қатысушылар өздері салып жасаған туындылары арқылы өсімдіктер әлемін, соның ішінде қызғалдақтардың ерекшеліктерін бейнелеуге тырысыпты.
«Флорист жұмысына ерекше тоқталғым келеді. Қазақстанда фестиваль аясында тұңғыш рет өткізіліп отыр. Бұл жобаны ең алғаш боп бастап отырған осы қалалық әкімдіктің "Рухани жаңғыру" жобалық кеңсесі деп айтуға болады», – деді ұйымдастырушы Ақжан Құмар.
«Балалар жылы» аясында мәнерлеп оқу, жас суретші, флорист жұмысы сынды түрлі номинациялар бойынша сайыстар өтті. Оған қатысушылар тарапынан 400-ден астам өтінім келіп түскен. Соның 225-і ақтық кезеңге өтіп, жеңімпаздар гала-концертте марапатталды.
«18 өлең жаттап, жарыстан жеңімпаз атандым. Осындай сайыстарына қатысқанды жақсы көремін», – деді жарыс жеңімпазы Назым Балықбаева.
«Қызғалдақтар елімізде көбейе берсін. Осындай мерекелер көп болсын», – деді қатысушы Іңкәр Құрманжан.
Айта кетейік, әлемде ғұмыры шамамен 2 аптадан айға созылатын қызғалдақтың 100-ге жуық түрі бар. Жері құнарлы Алатау баурайында соның 30-дан астам түрі кездеседі.
Мерей Қанапиянов, Жақсылық Тілепбергенов, «Алматы» телеарнасы