Қаладағы бір ғасырлық талдар адам өміріне қауіп төндіруде. Бір ғана Бостандық ауданында діңгегі шіріп, құлағалы тұрған ағаш саны 10 мыңнан асады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі
Мұндай жасыл желектер электр желілері мен газ құбырына кедергі келтіріп, жолдағы қозғалыс пен жүргіншілерге қиындық туғызады дейді тұрғындар. Зейнеткер Айгүл Қалманбетова - Бостандық ауданының тұрғыны. Соңғы жылдары ауласында қауіпті ағаштардың саны көбейгенін айтады. Бірнешеуі кешегі ауа райы күрт құбылған кезде құлап, бұталары сынған көрінеді.
«Бұл көшемен немерем екеуіміз күн сайын серуендейміз. Мына көшенің бойындағы ағаштардың бәрі әбден кеуіп, қурап кеткен. Біреудің басына құлағанын күтуіміз керек пе? Аса қауіпті. Кесіп тастау керек», – деді қала тұрғыны Айгүл Қалманбетова.
Қала бойынша қураған ағаштарды кесу және тазалау жұмыстары жуырда басталған. Қандай ағаш болмасын жасыл желекті бірден кесіп тастауға рұқсат жоқ. Тиісті басқарма алдымен олардың санын анықтайды, кейіннен оларға арнайы құжат дайындайды. Тұрғындар талдарды реттеу жұмысына қарсы емес. Тіпті үйге жақын өскен бұталарды өздері суретке түсіріп, әлеуметтік желіге жүктеп жерлікті әкімдіктен көмек сұрайтын көрінеді.
«Бостандық ауданы аумағында 408 мыңнан астам ағаш бар. Оның ішінде 10 мың 195-і апатты жағдайдағы ағаштар. Қазір мердігер компаниямен келісімшарт жасалды. Сәуір айында кесу жұмыстары жүргізіледі», – деді Бостандық ауданы әкімі аппараты көріктендіру бөлімінің бас маманы Арман Мизамбеков.
Қалалық жасыл экономика басқармасының хабарлауынша, қураған немесе зиянкестер бүлдірген өзге жасыл желектің өмір сүру коэффициенті есептеліп, оларға тіршілік қабілетіне сай күтім көрсетіледі. Осылайша, ағаштарды түп-тамырымен кеспей, олардың жағдайын жақсарту көзделіп отыр.
Ұлағат Арғын, Мұрат Тайжанов, «Алматы» телеарнасы