Атыраулықтар қоқыстың тазаланбағанына наразы

Almaty.tv
Almaty.tv
Экология департаментігілер қоқыс тастағандарды заң аясында жазалауды ұсынды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Үйілген қоқыс. Сасық иіс. Атыраулықтар қаланың іші мен сыртындағы қоқыс орындарының тазаланбай жатқанына шағымданды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Олардың айтуынша, тұрмыстық қалдықтан тіпті аяқ алып жүру мүмкін емес. Соның салдарынан ауаға түрлі вирус тарап, маусымдық аллергия көбейген дейді жұрт. Ал атқамінерлер болса, көп жағдайда мәдениеттілікті сақтау тұрғындардың өздеріне байланысты деп отыр.

Атыраулықтар қоқыстан көз аша алмай отыр. Шаһар көшелері былай тұрсын, қала сыртындағы демалыс орындарында жағдай мүшкіл. Осыдан бір апта бұрын отбасымен серуенге шыққан қала тұрғыны Жұпар Орынбай қоқыстан аяқ алып жүру мүмкін емес екенін айтты.

– Қоқыстан ауаға вирус тарайтыны да анық. Отбасымызбен бір күн қала сыртына шығып едік, үйілген қоқыстан көз аша алмадық. Неге тазаламайды түсінбеймін? Ақша бөлінеді. Әлеуметтік желіге де салдым, бірақ нәтиже жоқ, – деді қала тұрғыны Жұпар Орынбай.

Ал ай сайын мониторинг жүргізіп отыратын Экология департаментігілер мұндай фактілердің жыл сайын көбейіп келетінін айтып, заң аясында жазалауды ұсынды. Көпті мәдениеттілікке үйретеміз деген олар қасақана қоқыс лақтыратындарға айыппұл салынатынын айтты.

– Облыс бойынша 107 заңсыз орналастырылған қалдық орны анықталды. Қазіргі таңда 83, қала бойынша 53, Жылыой ауданы бойынша 27, Мақатта-2, Махамбетте 1 қоқыс орны тазаланды. Қоғамдық орын болғандықтан, Полиция департаменті тұрақты жұмыс жүргізуі тиіс, – деді Атырау облыстық Экология департаменті басшысының орынбасары Сырым Тілегенов.

Қазір коммуналдық қалдықтарды басқару бағдарламасын әзірлеу мақсатында республикалық бюджеттен 15 млн теңге қаржы бөлінді. Техникалық ерекшеліктері зерделеніп, мемлекеттік сатып алу заңдарына сәйкес конкурсқа құжат дайындалып жатыр.

– Атырау қаласы бойынша 61 орын тіркелген. Олардың арасында 33 қоқыс орны жеке секторда орналасқан. Алтауы карьерге арналған. «Қазақстан Ғарыш сапары» ҰҚ АҚ-ның мәліметіне сәйкес, тағы біреуі қоқыс полигоны болса, қалғаны 22 қалдық орны «Арнаулы автобаза» мекемесіне тиесілі, – деді Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және Тұрғын үй инспекциясы бөлімінің бас маманы Гүлжамал Жолдасова.

Қазір тазаланбаған 24 қоқыс алаңы анықталды. Оның сегізі шаһарда тіркелді. Аудандардағы жағдай да мәз емес. Махамбет, Жылыойдағы қоқыс алаңдары да тазаланбаған.

Оразай Нұртай, Фархат Тәжібаев, «Алматы» телеарнасы, Атырау

Новости партнеров