|
14.09.2021 | 21:27
4792

Жасыл желекті себепсіз жойғандар жауапқа тартылады

Мына суреттерде жайқалып өсіп тұрған бірнеше түп ағаштың оталғаны анық көрінеді

Алматыда 300-ге жуық ағаш заңсыз оталды. Болжамға сенсек, олардың ішінде Қызыл кітапқа енген жемістер де болуы мүмкін. Жасыл желекті себепсіз жойғандар жауапқа тартыла ма? Толығырақ Almaty.tv тілшісі тарқатсын.

300-ге тарта ағаш оталды деген аумақ осы. Жалпы көлемі 1,15 га. Ал, мына қоршаудың арғы беті заңсыз залал келтірген адамның жекеменшігі. Қазір бұл жер қоршауға алынған, бізге де кіруге рұқсат жоқ.

Мына суреттерде жайқалып өсіп тұрған бірнеше түп ағаштың оталғаны анық көрінеді. Әкімдік өкілдерінің сөзіне сенсек, олардың ішінде 120 жылдық алма ағашы да бар. Аса ірі, әрі ерекше түріне қарап, мамандар оның Сиверс алмасы болуы мүмкін екенін айтады.

«Қазіргі таңда Заң бойынша әрбір Қызыл кітапқа енген ағашқа мың МРП айыппұл қарастылырлған. Бір ағаш орнына 30 есе ағаш отырғызу керек болады және күту жұмыстары бар», – деді қалалық Жасыл экономика басқармасының бас маманы Нұрлан Құттыбаев.

Қазір аталған іске қатысты сараптамалар тағайындалып жатыр. Кесілген ағаштардың ішінде Қызыл Кітаптағы өсімдіктер анықталған жағдайда, оның өтеуі де ауыр болмақ. Сарапшылар мұндай жағдайда жаза да қатаңдай түсетінін жеткізді.

«Алматы қалалық Полиция департаменті, бұл факт  ҚР ҚК-нің 340 бабы - ағаштар мен бұталарды заңсыз кесу, жою немесе бүлдіру бойынша СТБТ-де тіркелгенін хабарлайды. Тиісті сараптама тағайындалды, оның қорытындысына сәйкес қылмыстық іс бойынша соңғы процессуалдық шешім қабылданады», – деді қалалық ПД баспасөз қызметінің инспекторы Дәулет Есмырзаев.

Айта кетейік, аталған мәселеге қатысты зерттеу жұмыстары екі апта бойы жүргізіліп жатыр. Ал, қозғалған қылмыстық істің нәтижесі қашан жарияланатыны белгісіз.

Мадина Оқас, Медет Саматұлы, «Алматы» арнасы

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир