Туған жеріңді түлет: Наурызбай ауданында 300 түп ағаш отырғызылды

15.04.2021 03:27

Бұған аудан тұрғындары белсене атсалысты

Наурызбай ауданында 300 түп ағаш отырғызылды. Игі шара «Туған жеріңді түлет» акциясы аясында өткізілген. Бұған аудан тұрғындары белсене атсалысты. Оның ішінде мектеп оқушылары, түрлі ұлт өкілдері мен қарт кісілер де бар. Әкімдік өкілдерінің айтуынша, мұндай сенбіліктер ауданды көркейтуге бағытталған, деп хабарлайды Almaty.tv.

«Наурызбай ауданында жасыл желек отырғызу қарқынды түрде жүргізіліп жатыр. Атап айтсақ, биыл 8 мың ағаш отырғызу жоспарланып отыр. Тек соңғы күндері 800 ағаш отырғызып үлгердік. Бүгінгі сенбілік те жоспаралаған межеге жету үшін ұйымдастырылып отыр», – деді Наурызбай ауданы көріктендіру бөлімінің бас маманы Оңалбек Қыдырбаев.

Қала тұрғындары осынау игі іске ат салысып жатқандарына риза. Шаһардың қай тұрғыны болмасын, Алматының жасыл болғанын қалайды.

«Ұйғыр ұлты диаспораларының атынан бүгінгі осы ағаш отырғызуға келіп, міне көмектесіп жатырмыз. Біз осы Наурызбай ауданын көркемдеп, өз ауылымыздың көркейіп жатқандығына әкімдікке рахмет айтамыз», – деді Наурызбай ауданының тұрғыны Ғалымжан Дәуітов.

«Көріп тұрғандарыңыздай, Алматы қаласы Наурызбай көшелерін көгалдандырып жатырмыз. №192 мектеп оқушылары, адал ұрпақ ұйымының мүшелері де өзін белсенді көрсетіп отыр», – деді №192 мектеп оқушысы Әлихан Жансерік.