Алматы еліміздің басты қаржылық хабы болып қала бермек. Мегаполисте ірі банктер, төлеу жүйелері, финтех-компаниялар шоғырланған. Республика бойынша жемісті жұмыс істеп жатқан жобалардың басым бөлігі де алдымен оңтүстік астанада сынақтан өтетіні жасырын емес. Оның нақты мысалдарының бірі – цифрлық теңге. Бүгінде бұл технология жаңа деңгейге көтерілді. Ұлттық банк инновациялық форматтың қолданылу кеңестігін кеңейтіп, кең көлемде пайдаланбақ. Қазір жобаны сынақтан өтіп жатыр, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Жаңа технологияның қарыштап дамып бара жатқан заманында цифрлық теңгені Ұлттық валютаның жаңа түрі десек те болады. Алайда қағаз ақшаны банкте сақтасақ, цифрлық теңгені тікелей Ұлттық банк шығарады және оны тек арнайы платформадан ғана қарап, бақылап отыруға болады. Бір сөзбен айтқанда, валютамыздың электронды нұсқасы, қаржылық операцияның барлығын жіті тексеріп отырамыз. Арнайы бағдарлама арқылы ақшаны жұмсаудың тәртібін енгізуге болады. Ондай жағдайда жүйе сіздің артық шығындалуыңызға жол бермейді. Елімізде 339 миллиард теңге цифрлық ақша айналымына енгізілген. Қазір арнайы жүйеде тоғыз ұйым бар. Олар Қазынашылық департаменті, Қазпошта және екінші деңгейлі банктер.
Айта кететін жайт, жүйе әлі де сынақтан өтіп жатыр.
«Цифрлық теңгені басқару өте ыңғайлы. Сіз оған нақты мақсатыңызды көрсетіп, белгілеп қойсаңыз болады. Алушыға жеткенше бәрін бақылап отырасыз. Цифрлық теңге де кәдімгі қолма-қол ақша сияқты, ол ҚР заңдарымен, нормаларымен реттеледі. Заңды тұлғаның да, жеке тұлғаның да қаржысы құпия сақталады. Бірақ жемқорлықтың алдын алады деп кесіп айту қиын. Пайдасы өте көп. Басында айтып өткендей ақшаның айналымын ашық қадағалап отыруға болады», – деді ҚР Ұлттық банкі цифрлық теңге жүйесі департаментінің бас сарапшысы Анар Талқамбаева.
Цифрлық теңге өкінішке қарай әлі жаппай қолданылымға шыққан жоқ. Жобаның авторлары бұл кезең-кезеңімен жүзеге асыралады деп отыр. Әзірге жүйені мемлекеттік органдар, банктер, сондай-ақ сынақ барысына қатысып жатқан заңды тұлғалар ғана қолдана алады. Ел бойынша 12 пилоттық жоба бар. Барлығы бірдей бұл жүйенің қызығын көру үшін қауіпсіздік мәселесін түбегейлі тексеріп, тыянақтап алу маңызды. Дегенмен мамандардың айтуынша, цифрлық теңгені бүкіл ел болып пайдаланудың ауылы алыс емес.
Оқи отырыңыз: Кез келген адам көшіп бара алмайды: Алатау қаласына кімдер тұра алады