Қазақстанда пәтерді жалға беру құны 20 пайызға қымбаттаған

28.08.2025 19:34

Қазақстанда пәтерді жалға беру құны шарықтап кетті. Соңғы 3 айда баға 20 пайызға қымбаттаған, деп хабарлайды Almaty.tv.

Алматы, Астана, Шымкент сынды ірі қалаларда пәтер іздеп сабылған студенттер көп. Бұны хабарлама салатын сайт сарапшылары да растап отыр. Тамызда  жалға берілетін баспаналар саны 35 пайызға дейін артқан. Алматыда бір бөлмелі пәтерге деген сұраныс 14 процентке, Астанада - 27 пайызға өскен. Ал Шымкентте екі бөлмелі пәтер іздегендер көрсеткіші 26 процентке жетіпті.

Мамырдағы пәтерді жалдау құнымен тамызды салыстырсақ, баға бірден 20 пайызға өскен. Алматыда бір бөлмелі баспана құны орташа есеппен 150 мыңнан 160-қа көтерілген. Екі бөлмелілер 200 мың теңгенің төңірегінде, ал 3 бөлмелі пәтерлерді жалға алу құны 200-ден 250 мың теңгеге өскен.

Ал Астанада бір бөлмелі баспананың бағасында айтарлықтай өзгеріс жоқ. 140 мыңға табуға болады. Алайда екі және үш  бөлмелі пәтерлерді жалға алу құны Алматымен салыстырғанда 10-12 пайызға қымбаттаған. Шымкентте бәрі бірдей қымбаттапты. Бір бөлмелілер 105-тен 120 мыңға өскен. Екі бөлмеліге 10 мың, үш бөлмеліге кемінде 20 мың қосылған.

Мамандар бағаның бұлай құбылуын студенттердің ірі қалаларға көптеп келуімен және жоғары оқу орындарындағы жатақханалардың жетіспеушілігімен байланыстырып отыр. Бұл – жылда қайталанатын жағдай. Сарапшылар «қарбаласта алаяқтардан сақ болу керек» дейді.

Олардың негізгі алдау схемасы – әлі көрсетпеген үйге алдын ала ақша сұрау.

«Сіз пәтерді жалға алғанда жасаған келісімшарттың барлық тармақтарын оқыңыз. Себебі мүлік иесіне басқа біреу көбірек ақша ұсынса, ол сізді түрлі сылтау айтып, үйден шығарып жіберуі мүмкін. Сондай-ақ бағаны да себепсіз көтеруі мүмкін. Сондықтан бірінші үйдің құжатын, пәтерді жалға берушінің құжатымен салыстырып, тексеру керек. Ол мүлік иесінің рұқсатымен өткізіп жатса, оның нотариалды расталғанын қарау маңызды. Ал келісімшарттағы талаптар көңіліңізден шықпаса, жаңасын жасауды талап еткен жөн», – деді сарапшы Валерия Байтілесова.

 Сарапшылар ақшаны келісімшартқа қол қойып болған соң ғана аудару керек екенін айтты. Ал пәтерге қоныстанғанда міндетті түрде барлық мүлікті фото, видеоға түсіріп алу маңызды. Қауіптің алдын алудың тағы бір нұсқасы – сенімді, тексерілген жылжымайтын мүлік агенттіктерінің қызметіне жүгіну.

Оқи отырыңыз: Биыл университеттерде жасанды интеллект курстары міндетті пән ретінде оқытылады