Басты артықшылығы – барлық серверлері мен дерек сақтау инфрақұрылымының Қазақстан аумағында орналасуы
Aitu қосымшасы мемлекеттік қызмет саласындағы ұлттық мессенджерге айналады. Қазірдің өзінде ол 6 миллион рет жүктелген. Ал ай сайынғы қолданушылар саны 500 мыңға жуық, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Алматыда Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Өңірлік кеңесі мен Креативті индустриялар және IT жөніндегі салалық кеңестің кеңейтілген отырысы өтті. Жиында цифрландыру, қаржы секторының даму қарқыны сөз болып, қатысушылар пікір алмасты. Басқосуда ерекше назарға іліккен басты тақырыптың бірі – Aitu қосымшасы. Онда мессенджерді елдің цифрлық экожүйесіне енгізу мүмкіндіктері қарастырылды.
«Аталған қосымша 5-6 жыл бұрын жасалған. Қарапайым азаматтарға, бизнеске және мемлекеттік құрылымдарға арналған құрал ретінде дамытып жатырмыз. Мессенджер күнделікті өмірде ыңғайлы әрі пайдалы болуы керек. Өзге платформалардан айырмашылығы оны Қазақстаннан басқарып отырамыз», – деді IT-компаниясы бас директорының міндетін атқарушы Жарқын Азаматов.
«Аitu» – «AI to you» яғни, «жасанды интеллект сен үшін» деген сөз.
Айта кетейік, суперқосымшада фильм көріп, музыка тыңдап, хабарлама алмасып, жаңалықтарды да оқуға болады.
Басты артықшылығы – барлық серверлері мен дерек сақтау инфрақұрылымының Қазақстан аумағында орналасуы.
«Мұндай тәжірибе Қазақстанда емес, әлемнің өзге елдерінде де іске асып жатыр. Ол экожүйені қалыптастырып, ішкі нарық пен жеке деректерді қорғау мақсатында жасалады», – деді «Атамекен» ҰКП өңірлік кеңесінің төрағасы Нұрсұлтан Шоқанов.
Аталған қосымша бизнестен бастап мемлекеттік құрылымдарға дейін белсенді енгізіліп жатыр. Сарапшылар бұл тәсіл заманауи, қауіпсіз әрі қолайлы цифрлық орта қалыптастырып, онда мемлекеттік қызметтер әр азаматқа тиімді болады дегенді алға тартады.
Айта кетейік, қосымшаға қазір қаржы секторы да қызығушылық танытып отыр.
«Біз түрлі IT компанияларымен жұмыс істейміз. Солардың өнімдеріне инвестиция жасаймыз. Олардың қатарында AITU маңызды рөл атқарады. Олардың ойлап шығарған өнімдерін бақылауда ұстаймыз», – деді Екінші деңгейлі банктің басқарма төрағасының орынбасары Дәурен Сартаев.
Айта кетейік, қосымша тұтынушылар үшін тегін. Енді қыркүйек айының ортасына дейін мемлекеттік қызметкерлерді аталған платформаға көшіру ісі аяқталады деп жоспарланған.
Еске салайық, бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жеке деректерді қолданатын барлық коммуникацияны ұлттық мессенджерге көшіру туралы тапсырма берген.
Гүлмарал Изатқызы, Аида Иманали, Мейрам Исабеков
Оқи отырыңыз: Биыл университеттерде жасанды интеллект курстары міндетті пән ретінде оқытылады