Осы жылдың 11 айында ақпарат және байланыс, сауда, сумен жабдықтау, құрылыс, электрмен жабдықтау, өңдеу өнеркәсібі жоғары өсім көрсеткен
Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев Қазақстан экономикасының жай-күйі қандай екенін айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Sputnik сайтына сілтеме жасап.
"Биыл қаңтар-қараша айларында Қазақстан экономикасының өсу қарқыны 3,8%-ға дейін жеделдеді", - деді ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев үкімет отырысында.
Айтуынша, есептік кезеңде нақты сектордағы өсім 2,9%-ды құраған. Қызмет көрсету саласында іскерлік белсенділік 3,9%-ға дейін артты.
Салалар арасында ақпарат және байланыс, сауда, сумен жабдықтау, құрылыс, электрмен жабдықтау, өңдеу өнеркәсібі жоғары өсім көрсетіп жатыр.
Сондай-ақ 2021 жылдың қаңтар-қазан айларында сыртқы сауда тауар айналымы 14,1%-ға өсіп, 82,2 миллиард долларға жетті. Оның ішінде экспорт көрсеткіші 23,5%-ға өсіп, 49,1 миллиард долларға дейін ұлғайды. Бұл ретте, өңделген тауар экспорты 24,4%-ға артып, 15,5 миллиард долларды құрады.
Тауар импорты 33,1 миллиард доллар болды.
Министрдің сөзінше, жалпы оң сауда балансы өткен аймен салыстырғанда 2,2 миллиард долларға өсіп, 16 миллиард долларды құрады.