Арыстық кәсіпкерлер жылдың соңына дейін салықтан босатылады

03.07.2019 14:40

Жарылыс салдарынан Арыстағы 364 кәсіпкерлік нысанның 258-і бүлінген

sputniknews.kz

Арыс қаласында облыс әкімінің тапсырмасымен кәсіпкерлерге арналған «Қамқор» бағдарламасы іске қосылды, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап Zakon.kz.

Арыс қаласының шағын және орта кәсіпкерлік иелері 2019 жылдың соңына дейін салықтан босатылады. Оның үстіне оларға 5 млн теңгеге дейін 1 пайыз сыйақы мөлшерлемесімен жеңілдетілген кепілсіз несие беріледі. Несиенің өтеу мерзімі – 4 жыл.

Қазіргі таңда Арыстағы кәсіпкерлердің мәселесін шешу үшін «Атамекен» кәсіпкерлер палатасынан 25 қызметкер келіп, 17 секторға бөлініп, қызмет атқаруда. Олар 10 күн бойы төтенше жағдай салдарынан зардап шеккен кәсіпкерлік нысандарын бағалап, тиісті сомасын есептеп шығады.

Жалпы, Арыс қаласында 346 кәсіпкерлік нысаны тіркелген. Соның ішінде 258 нысанға жарылыс кезінде зақым келген. 253 нысанға жөндеу жұмыстары жүргізілсе, 5 нысан толықтай қайта салынады.