Қарағанды облысында Орта Азиядағы ең ірі күн электр станциясы іске қосылды

Қарағанды облысында Орта Азиядағы ең ірі күн электр станциясы іске қосылды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қарағанды облысында қуаттылығы 100 мегаватты құрайтын, Орталық Азия бойынша ең ірі күн электр станциясы іске қосылды. 164 гектарды құрайтын аумаққа 307 күн панелі орнатылған. Жаңа жобаның ашылуына аталған аймақ басшысы Ерлан Қошанов, еліміздің Энергетика министрі Қанат Бозымбаев және инвесторлар қатысты, деп хабарлайды Аlmaty.tv.

Күн электр станциясының құрылыс жұмыстарына бес айдай уақыт кеткен. Күннен тоқ алатын панельдерді Еуропа елдерінен келген кәсіби мамандар орнатыпты. Бұл стансаның қуаты 100 мегаватқа дейін жетеді.

«Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тапсырмасымен жасалып жатқан жоба. Өздеріңіз білесіздер, Елбасының 2030-жылға дейін баламалы энергия көздерін 30 пайызға жеткізу деген тапсырмасы бар. Біз сол тапсырмаға, сол мақсатқа жету жолындағы бір үлкен қадамды қазір жасап отырмыз», – деді Қарағанды облысының әкімі Ерлан ҚОШАНОВ.

Жоба халықаралық инвестициялық топтың бастамасымен жүзеге асырылды. Негізгі серіктестіктер – «Шнайдер электрик» және «Грасс Инжиниринг» компаниялары. Оған салынған жеке инвестициялардың көлемі 137 миллион долларды құрайды.

«Қаңтар айынан биыл Қазақстанымызда 67 баламалы энергия көздері станцияларының құрылысы аяқталды. Жалпы оның қуаттылығы 531 мегаватты құрап отыр бүгін. Бүгін бірақ құрылыс жақсы темппен өтуде. Осы 2019 жылдың соңына дейін қуаттылығы екі есеге дейін өседі деп күтілуде», – деді ҚР Энергетика министрі Қанат БОЗЫМБАЕВ.

Күн электр стансасындағы панельдердің қуаттылығы 40 жылдан кейін төмендеуі мүмкін. Десе де, арнайы орнатылған технологияның көмегімен жаңасына ауыстыруға болады дейді компания директоры.

«Генератор құрылғысының әсерінен қыстыгүні панельді қар баспайды. Құрылғылар ешқандай күтімді қажет етпейді. Оларды сүртіп тазалаудың да керегі жоқ. Бұл жобаны іске асырмай тұрып, жергілікті жердің ауа-райы жақсы сараланған. Ерекшелігі де осында. Салқын температураны да қажет етпейді. Бұл генерацияның жақсы жүруіне септігін тигізбек», – деді компания директоры Евгений ГРЕБЕННИКОВ.

Еске сала кетсек, жасыл энергетика саласындағы бұл жоба 2017 жылдың 7 маусымында қолға алынған. Сол кезде құрылыс алаңына капсула салынып, Саран қаласы әкімдігі мен компания арасында өзара әріптестік туралы меморандумға қол қойылған еді. Атап өту керек, Қарағанды облысында қазір 33 ірі инвестициялық жоба іске асырылуда. Осының арқасында 9 мың адам жұмыспен қамтылған.


Салтанат Нысанбек, «Алматы» телеарнасы, Астана


Новости партнеров