Бұған жыл ішінде валюта бағамының және әлемдік бағаның өсуі себеп болды
Қазақстанда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары 9,6 пайызға қымбаттады. Ол туралы Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов айтты. Оның сөзінше, бағаны тұрақтандыру үшін тауарлардың 9 түріне шекті бағалар бекітіліп, 7 түрінің экспортына тыйым салынған. Ал 6 түрін елден шығаруға ай сайын квота белгіленіпті. Дегенмен қабылданған шараларға қарамастан қазан айында - 2,8 және қарашада - 2,3 пайыз баға өсімі тағы тіркелген. Толығырақ Almaty.tv тілшісі Асылбек Тойбек тарқатады.
Үкімет отырысында Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов өңірлерде шекті баға белгілеу құралын қолданбаған әкімдіктерді сынады. Өткен жылы бағаны тұрақтандыру шараларын қабылдамағаны үшін жеті облыс әкімінің орынбасарларына сөгіс жарияланған. Алайда одан нәтиже болмаған сыңайлы. Мәселен, Ақтөбе облысында 5 факті тіркелген. Биыл да аталған көрсеткіш өзгермеген. Павлодар және Түркістан облыстарында құн қымбаттасада әкімдіктер шекті баға енгізуді елемей отырған көрінеді.
«Шекті бағаларды белгілеу және олардың негізінде шекті бағаларды қолдану әдістемесі заңнамада бекітілген. Өңірлерде бөлшек сауда бағаларының шектен асуы бойынша 66 факт тіркелді. Қызылорда облысы мен Алматы қаласының әкімдіктерін қоспағанда, өңірлер шекті бағаларды белгілеу құралын пайдаланған жоқ», – деді ҚР Сауда және интеграфия министрі Бақыт Сұлтанов.
Үкімет отырысында бұдан былай Қазақстанда ағаштарды кескен үшін жаза қатаңдатылатыны айталды. Құқық бұзушылар 40 тәулікке дейін қамауға алынады немесе 160 сағатқа қоғамдық жұмыстарға тартылады. Сонымен қатар, айыппұлдарды максималды мөлшерге дейін - 4 миллион теңгеге дейін ұлғайтады.
«Соңғы кезде елді мекендерде ағаштар мен бұталарды заңсыз кесу, жою және зақымдау фактілері орын алғаны белгілі. Осыған байланысты Министрлік мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп осы тәртіп бұзушылықтар үшін жазаны күшейтуге бағытталған бірқатар шараларды пысықтады», – деді ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев.
Отырыста бюджет қаражатын толық игермеген органдарға да сын айтылды. Республикалық бюджеттің шығыстары 12 трлн 503 млрд теңге болған және 137 млрд. теңге атқарылмаған. Оның ішінде 122 млрд теңге игерілмеген. Әсіресе Қаржы министрлігі, Ішкі істер, Орталық сайлау комиссиясы, Денсаулық сақтау, Ауыл шаруашылығы және Төтенше жағдайлар министрлігі айтарлықтай ірі сомаларды тиісті жерге жаратпаған.
Асылбек Тойбек, «Алматы» телеарнасы